АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ ЕСКЕЛДІ, КӨКСУ АУДАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 30.03.2022
Оқылды: 1249
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ іссапар аясында Көксу және Ескелді аудандарына ат басын бұрды. Алдымен «Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалармен кездесті. Бұдан соң «Хильниченко» сенімді серіктестігіне барып, тыныс-тіршіліктерін көріп қайтты.

Балпық ауылындағы «Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келген Ербол Шырақбайұлын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев қарсы алды. Бұл жерде облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қанат Есболатов аймақтың агроөнеркәсіп кешені, соның ішінде егін, мал шаруашылығы, жалпы өнім көлемі, аграрлық секторды қаржыландыру, инвестиция тарту, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қант өнеркәсібін дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстарды әңгімеледі. Ал қант зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы Алтынбек Абатов ақпарат берді.

Белгілі болғандай, былтыр қант құрағын өңдеуге 200 млн.теңге инвестиция тартылып, 12 млрд.741 млн.584 мың теңгенің өнімі өндірілген. Кәсіпорынның жылдық қуаты 250 мың тонна,  тәулігіне мұнда 2 мың тонна қант  қызылшасы өңделіп, 240-250 тонна көлемінде қант шығарылады. Тәтті түбір Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандарының және Талдықорған, Қапшағай қалаларының қызылша өсірумен айналысатын шаруашылықтарынан әкелінеді. Дайын өнім Алматы, Талдықорған және Балпық би ауылдарына жеткізіледі. Қазіргі кезде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Маусым кезінде олардың саны 450-ге дейін көбейеді.

Өз кезегінде ҚР Ауылшаруашылығы министрі жиналғандарға аймаққа келудегі басты мақсатын түсіндіріп өтті. Өздеріңізге белгілі, Үкімет Ауылшаруашылығы министрлігіне арнайы тұжырымдама бекітуді тапсырған болатын. Осы орайда Ербол Шырақбайұлы аталған құжатты дайындамас бұрын қызылшашылармен және шикізат өңдейтін тараптармен кездесіп, ортақ проблемаларды анықтауда. Осыған байланысты министр облыстағы тәтті түбір өсірушілермен тілдесіп, талап-тілектеріне құлақ асып, мемлекет тарапынан қандай көмектер қажет екенін біліп, соған орай қант қызылшасын өндіру бойынша арнайы бағдарлама әзірлеп, тұжырымдама қабылдауды мақсат тұтуда.

Министр шаруалармен кездесу кезінде тәтті түбір өсіруге қатысты көкейтесті ойларын тыңдап, қойған сауалдарына жауап қайтарды. Қызылшашылар негізінен өнімі тәтті, жұмысы ащы дақылды зауытқа қабылдау бағасының төмен болып отырғанына көңілдерінің толмайтынын жеткізді. Мәселен, баға бір киле үшін 27 теңге, ал бұл  баға аграрийлердің көңілдерінен шықпайды. Шаруалар лайықты табыс табу және суару үшін, техника мен заманауи жабдыққа қаражат инвестициялау үшін оны кем дегенде 30 теңгеден жоғары көтеруді сұрайды. Сонымен бірге, бұл мәселе егу басталғанға дейін шешілуі тиіс.

Әлібек Әскербекұлы бұл проблема облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың назарында тұрғанын, сәуір айының басында бір мәмілеге келу мақсатында екі қант зауытының құрылтайшыларымен кездесу жоспарланып отырғанын айтты. Өз кезегінде министр бұл басқосуға қатысуға дайын екенін, ірі ғана емес, сондай-ақ қызылша өсіретін ұсақ шаруашылықтардың өкілдерін де жинап, проблемалардан шығу жолдарын жан-жақты қарастырудың қызылша саласын дамытуда маңызды орын алатынын әңгімеледі.

Көкейдегі ойларын бүкпесіз жеткізген қызылшашылар, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігінің ескіргенін, сервис дайындау орталықтарының жеткіліксіздігін, ауылшаруашылығы техникаларына утилизациялық алымды төмендетудің маңыздылығын, тұқым, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай, су тарифі бағасының өскенін, су тапшылығының бүгінде қиындық тудырып отырғанын, бұған қоса су арналарын тазалау мен қайта жаңарту, ылғал үнемдеуші технологияларды дамыту мен жеңілдетілген лизингтің қажеттілігін, ауыспалы егістік жүйесін сақтауға ұсақ шаруашылықтардың мүмкіндігінің жете бермейтінін, мұндай мәселелер бүгінде шаруалардың өз деңгейінде жұмыс істеуге кері әсерін тигізуде екенін алға тартты.    

Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша 56 сервистік-дайындау орталығы бар, оның 29-ы қант қызылшасы бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Жалпы, бұл 1300-ден астам арнайы техника. Ендігі кезекте өңірде су арналарын механикалық тазартумен айналысатын су шаруашылығын құру жоспарлануда.

Министр соңғы кездері қантқа қатысты туындаған проблемаға алаңдамауды, себебі, бұл министрліктің тікелей бақылауындағы мәселе екенін айтып, қант тапшылығына жол берілмейтінін жеткізді. Министр журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Айтуынша, Қазақстан қантты негізінен экспорттамайды. Өйткені өндірілген өнімнің бәрі ішкі тұтынуға кетеді. Тіпті 58 пайызы сырттан импортталады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес ішкі қант тұтыну 42 пайызға отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілген. Республикалық есеппен алғанда алқапты, шикізатты, өндірістік қуатты ұлғайту арқылы алдағы үш, төрт жылда өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткішін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Бүгінде елде қант өндіретін төрт зауыт бар. Олар Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан. Агроөнеркәсіп кешенінің ұлттық жобасына сәйкес қант қызылшасын егу алқаптарын кеңейту шаралары қарастырылған. Ендігі кезекте елдің оңтүстігіндегі зауыттарды жаңартып, тағы бір зауыт салу көзделуде.

Бұдан соң Ербол Шырақбайұлы «Хильниченко» сенімді серіктестігіне барып, ондағы жұмыстарға назар аударды. Өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі бола отырып, сенім серіктестігі тәтті тамыр дақылын өсіруге де маманданған, яғни өңірдің қант саласын дамытуға белсенді қатысушы.

Аталған серіктестіктің жетекшісі Александр Хильниченко айтып өткендей, кәсіпорын көпсалалы.

– Бізде бір сала екіншісін толықтырады. Жылына 3200 тонна ұн, 160 тонна макарон өнімдері, 190 тонна жарма, 40 тонна жартылай фабрикаттар, 15 тонна шұжық, сондай-ақ нан-тоқаш түрлерін өндіреміз. Өсірілген өнімдерді өңдеуге бағытталған шағын шеберханалар жұмыс істейді. Іс жүзінде жабық өндірістік цикл. Алдағы уақытта сүт өңдеу жоспарда бар. Мысалы, өткен жылы 4500 тонна сүт өндірдік, әзірге оны «Фудмастер» компаниясына сатамыз. Бізде бес жүзден аса адам еңбек етеді. Қант қызылшасын өсіруге маманданамыз, сондықтан қызылша бағытын одан әрі дамыту жоспарына бейжай қарамаймыз, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, биыл шаруашылықта қант қызылшасын 301 гектарға егу жоспарланған, өткен жылы егіс алқабы 326 гектарды құраған, келесі жылы жоспар бойынша 340 гектар болады деп күтілуде. Барлық өзгеріс тоғыз жолақты ауыспалы егіс жүйесін қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты болады.

Александр Хильниченко: «Біз қант қызылшасын қалай өсіруді білеміз, ол үшін барлық технология, білім, тәжірибе, ең бастысы, құлшыныс бар. Егер мемлекеттік қолдау одан әрі жалғасатын болса, қызылша өсірумен белсенді айналысуға дайынбыз. Сондықтан, өңірдің барлық аграршысы ретінде қант саласын қолдау және дамыту жөніндегі арнайы мемлекеттік бағдарламаны қабылдау көзделіп отырғаны бізді қатты қуантты», – деді.

– Биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 309 млрд.теңге субсидия қарастырылды. Қосымша тағы қаражат бағытталады. Қазір біз үшін қант саласының дамуын не тежейтінін нақты білу маңызды. Ауыспалы егісті, су ресурстарын ескере отырып, егіс алқаптарын ұлғайтудың нақты көрсеткіштерін есептеу қажет. Ол үшін барлық бағыт бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз етіп, саланың дамуын қолға алу керек. Менің сапарымның нәтижесі бойынша сіздің ұсыныстарыңыз қант өндіру тұжырымдамасын әзірлеу кезінде ескерілетін болады, – деп түйіндеді сөзін министр.

Ербол Шырақбайұлы, сондай-ақ, қант қызылшасы ең маңызды дақыл саналатынын, оны өсіріп, толық өнім алудың оңай еместігін, сондықтан аграршылар техникалық тұрғыдан қайта жарақтандырылып, пайда табуы үшін сатып алу бағасын қолайлы  етудің ерекшелігін, мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді. Облыс фермерлерінің агроөнеркәсіпті дамытуға қосқан қомақты үлесі жайлы айта отырып Алматы облысының ауыл шаруашылығындағы үлесі 14 пайызды құрайтынын еске сала кетейік, осы ретте ведомство басшысы ауылшаруашылығы министрлігі қант саласын дамыту бойынша қажетті шаралар қабылдайтынына, өңірдің ауылшаруашылығы өндірушілері айтқан барлық проблемалық мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынына сенім білдірді.

Аталған мәселелерді талқылай отырып, тараптар жүйелі тәсіл мен күш-жігерді біріктіру қант өнеркәсібін тиімді дамытуға мүмкіндік береді деген тұжырымға тоқтады.

Айта кетейік, облыста қант қызылшасы саласын дамыту үшін 2011 жылдан бастап жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жеті жылда қант қызылшасының егістік алқабы 7,4 есе, жалпы жинау көлемі 11 есеге ұлғайған. Қанттың жылдық қажеттілігі республика бойынша 512 мың тонна, Алматы облысы бойынша 56 мың тонна. Өткен жылы барлығы 57 мың тонна қант өндірілді.

Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты қант қызылшасының егістік алқабы 6 200 гектарға азайған. Осы жылы 220 мың тонна өнім жинап, 80 мың тонна қант құрағы өңделеді деп күтілуде. Нәтижесінде 99,5 мың тонна қант өндірілмек. Ағымдағы жылы тапсырылған өнімнің сатып алу бағасы 27 мың теңге болып белгіленді (зауыт – 13 мың теңге, субсидия – 14 мың теңге). Қант қызылшасының егістік алқабын 2025 жылға дейін 6,2 мың гектардан 11,2 мың гектарға, жалпы өнімді 394 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Ақсу қант зауытында қайта өңдеу көлемі жылына 50 мың тоннадан 90 мың тоннаға дейін ұлғайса, 2023 жылдан бастап қайта өңдеудің жалпы қуаты жылына 130 мың тоннаны құрамақ. Осы міндеттерді орындау кезінде қант өндіру көлемі 175 мың тоннаға дейін жоғарылайды (қызылша қанты – 47,2 мың тонна, қант құрағы – 127,4 мың тонна), бұл өз кезегінде республиканың қажеттілігін 34 пайызға қамтамасыз ететін болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

Көксу, Ескелді аудандары

Алматы облысы