БИЫЛ АЛАКӨЛДЕ ДЕМАЛАМ ДЕУШІЛЕРГЕ ЕКІ ӘУЕЖАЙ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Уақыты: 31.03.2022
Оқылды: 1343
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөлге барып демалам деушілерге бұдан былай екі әуежай жұмыс істейді. Үшаралдан бөлек, Үржар әуежайы да ұшақтар қабылдайтын болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстанның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

"Алакөл жағалауының алдағы туристік маусымына қарай Үржар әуежайының Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Семей қалаларымен күнделікті әуе қатынасы жаңартылады", - делінген ресми хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде әуежайда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, ұшу-қону жолағы ұзартылды, рульдеу жолы жасалды, тұрақ орындары кеңейтілді, ұшуға жерүсті қызмет көрсету объектілері салынған. Жақын арада жарық-сигнал жабдығын орнату жоспарланған.

"Әуежай жолаушыларын қолайлы сервиспен қамтамасыз ету үшін Үржар ауданының әкімдігі аэровокзал ғимаратын қайта жаңғырту бойынша жұмыс жобасын дайындау мәселесін пысықтап жатыр. Оның өткізу қабілетін сағатына 100-150 жолаушыға дейін арттыру көзделген", - делінген хабарламада.

Бұған дейін Алакөл көлінің оңтүстік жағалауына, Үшаралға Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Түркістан қалаларынан және Ресей Федерациясынан ұшақтар ұшатыны айтылған болатын. Рейстердің жиілігі туралы қосымша хабарланады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"