САРҚАНДА 500 ЛИТР НАУРЫЗКӨЖЕ, ЖАРТЫ ТОННА БАУЫРСАҚ ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 01.04.2022
Оқылды: 1768
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарқан ауданында Наурыз мейрамына орай 200 метрге ақ дастархан жайылды. Ұлттық тағамдар қойылып, наурызкөжеден дәм ұсынылды. Тұрғындарға 500 литр наурызкөже құйылып, 500 келі бауырсақ таратылды.

Жиналған жұртшылықты Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Халқымыз Наурызды қашанда ерекше көңiлмен қарсы алып келеді. Өткен жылы індеттің салдарынан Наурыз мейрамын тойлай алмадық. Осы күнді ұзақ күткеніміз рас. Олай болса, баршаңызды жақсылық пен жаңару мерекесі, Ұлыстың ұлы күні - Наурызбен шын жүректен құттықтаймын», - деді қала тұрғыны Күлмәну апа Марданова.

Алаң ортасында құрылған сахнада театрландырылған көрініс қойылып, әдемі ән, мың бұралған би көпшілік назарына ұсынылды. Қала тұрғындары түрлі спорттық ойындарға белсенді қатысты. Орталықта қазақша күрес, гір тасын көтеру, қолкүрес және қой көтеру ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек, «Қойтас» саябағында 10-ға жуық ағаш көшеті отырғызылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"