АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АРАҒА ЕКІ ЖЫЛ САЛЫП АЛҒАШҚЫ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 03.04.2022
Оқылды: 1570
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында сенбілік өтті. Тазалық шарасында 50 мыңдай азамат белсене ат салысты. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдықорған қаласында өткен сенбілікке қатысқан Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев:

- Бұл сенбілік Ораза айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бар мұсылман Ораза айын сағынышпен күтеді. Ораза - жан тазалығына бастаушы ай. Қабыл болсын! Біздің сенбілікке шығып, ауламызды, көшемізді, қаламызды тазартуымыз да сауапты іс. Соңғы екі жылда пандемиядан осындай сенбілікке шыға алмадық. Бүгін сол игі дәстүрді қайта жаңғыртып, белсенділердің бастамасымен сенбілік ұйымдастырылуда. Тұрғындар өз қалауымен тазалық жұмыстарына ат салысып, береке-бірлігін көрсетті, - деді Қанат Бозымбаев.

Тазалау, абаттандыру мен көгалдандыру шараларына облыстағы барлық мекеме, ұйымдар, коммуналдық қызмет салалары белсене қатысты. Атап айтқанда, облыс бойынша 50 мыңдай азамат 4 мыңдай көшені, 18 мыңдай алаңқайды қоқыстан тазартты. Сол сияқты аймақта 200-дей саябақты, 950 шақырым арықты қоқыстан арылтып, 14 мыңдай көшет егу жоспарланған.