ЖЕТІ ЖЕРДЕ ҚАР КӨШКІНІ ТІРКЕЛДІ, ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАУІП ЖОҚ - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 04.04.2022
Оқылды: 1710
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті Жетісу Алатауындағы Қора, Көксу, Қорғас өзендерінің бастауында орналасқан мұздықтарға аэровизуалды шолу жүргізді.

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көшкін қаупі бар және мореналық көлдердің жай-күйін тексеру мақсатындағы шара «Қазселденқорғау» мекемесінің «Жетісу Алатауы өңірлік пайдалану басқармасы» филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған.

Аэровизуалды шолу Талдықорған қаласының әуежайынан еурокоптер - ЕС145 тікұшағымен жүргізілген. «Бүгінгі таңда 2 500 метрден астам биіктіктегі таулардың оңтүстік беткейлеріндегі қардың қалыңдығы 30-40 см. Ал солтүстік жағында 1 метрден 1,5 метрге дейін жетеді. Панфилов ауданы аумағындағы қардың қалыңдығы жылдық нормадан аз, су өтімдері таза, транзиттік түрде екені анықталды. Ауа температурасы 2 500 метр биіктікте +3,5 градус болса, 3 400 метрде +1 болып тұр, 3 800 метрде 0-ден 5 градус төмен», - делінген хабарламада.

Тауда қазір гидрологиялық жағдай қалыпты. Сондай-ақ, Кербұлақ ауданы мен Көктал өзені арнасының 7 нүктесінде қар көшкіні түсу деректері тіркелген. Алайда елді мекендерге қауіп жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"