ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАНДАЙ БАҒА БЕРЕСІЗ? САУАЛНАМА ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 03.04.2022
Оқылды: 1721
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен азаматтың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сервистік модельді енгізудің жаңа тәсілдері іске асуда. Осыған байланысты Алматы облысы әкімдігі жанындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ тұрғындар арасында сауалнама жүргізді.

Шыны керек, құқық қорғау органдарының қызметіне халық сенімсіздік танытып, тіпті, күмәнмен қарайтын еді. Бұл полиция қызметі туралы объективті пікір қалыптастыруға, сондай-ақ, оның әлеуметтік мәртебесіне тікелей әсер ететін бірқатар себептерге байланысты болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік тәжірибеге сүйеніп сервистік тәсілдерді енгізуді тапсырды. Сол себепті құқық қорғау органдары мен қарапайым тұрғындар арасында ашық байланыс орнап, көптеген мәселелер шешімін тауып келеді. Сервистік тәсілдің ықпалымен азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарып, қылмысқа қарсы тиімді күрес жүріп жатыр.

Полиция, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі саясат, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау басқармалары, қоғам және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құрылған ведомствоаралық топ әлеуметтік сауалнама арқылы полиция қызметін ғана бағаламай, тұрғындардың талап-арыздары мен ұсыныстарын жазып алады. Талдықорған қаласының орталығында ұйымдастырылған сауалнамаға еріктілер де атсалысып, құқықтық тәртіп мәселелерін анықтау, тәртіп бұзуға ықпал ететін себептерге талдау жасауға жәрдемдесті. Қазіргі уақытта 1330 адам әлеуметтік сауалнамадан өтті.

Талдықорған қаласында «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сервистік тәсілді енгізу» атты пилоттық жоба енді. Жоба аясында облыс орталығында күн сайын бекітілген жоспар бойынша жұмыс жүргізіледі. Келіп түскен ақпарат жиналып, талданады. Сонымен қатар, ұсыныстар талқыланып, қажет болған жағдайда қылмыс құрбандары болған адамдарға қолдау көрсетіледі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы