ҚАЗАҚСТАН АРМИЯСЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУДАН ӨТІП ЖАТЫР - ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ

Уақыты: 06.04.2022
Оқылды: 1822
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығуы басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдар арасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында елімізде «Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

«Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларының аумағында қолға алынған. Бұл шараға Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамалары мен бөлімдері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылып отыр.

Оқу-жаттығудың алғашқы кезеңінде мемлекеттік шекараны қорғауды күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әскери қауіп-қатерлердің өршуі жағдайында терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезіндегі өзара іс-қимыл мәселелері пысықталады.

«Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуы ағымдағы жылғы 16 сәуірге дейін жалғасады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"