ҚАЙНАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕН 10 ТОННА ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚ ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 09.04.2022
Оқылды: 1270
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауа райының ашылып, күннің күрт жылынуына қуанған Қайнар ауылдық округінің әкімдік қызметкерлері мен қоғамдық жұмыскерлері, ауыл тұрғындары бір кісідей жұмылып, сенбілік өткізді.

Ертемен сыпырғыштары мен қоқыс салатын қалақ-қаптарын арқалаған ауыл азаматтары түске дейін-ақ өздеріне бекітілген аумақтарды күл-қоқыстан тазартып, айналаның көркін кіргізді.

– Сенбілік тұрғындардың ауызбіршілігі мен ынтымағын, ұйымшылдығын көрсетеді. Бұл шарадан мемлекеттік қызметкерлер мен ауылдың белсенді жастары да шет қалмады. Қыстан қалған қоқыстар тырмаланып, айнала тазарғанда Жер-Ананың жасыл кілемдей құлпыра бастағанын аңғардық. Бұл жұмыстар жібін үзбей жалғаса бермек. Ауылымыздың таза әрі көрікті болуы біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Қайнар ауылдық округі әкімдігінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы Қарлығаш Бекбаева.

Жүзден астам адам қатысқан санитарлық тазарту жұмыстарына 2 жүк көлігі тартылып, жалпы көлемі 10 тонна тұрмыстық қалдық қоқыс полигонына шығарылды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы