ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚАРАТАЛ АУДАНЫНА БАРЫП, ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 08.04.2022
Оқылды: 1746
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ арнайы жұмыс сапарымен Қаратал ауданына барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Бұл өңір тарихта аты, топырағында ізі қалған әулиелер мекені деп әспеттеледі.

Аймақ басшысы әуелі Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев мектебіне бас сұғып, детектив жанрының негізін қалаушы, қарымды қаламгердің атындағы мұражайды аралады. Мұражайда құнды экспонаттар, жазушының жеке заттары мен құжаттары, медальдары бар. Сонымен қатар, жыл сайын оқушылардың шығармашылық жұмыстарымен толықтырылып отырады.

Шара барысында Кемел Тоқаев атындағы жеке қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридонова:

– Былтыр 1942 жылы 22 жасында соғыста қаза тапқан Кемел Тоқаевтың ағасы Қасым Болтаевқа арнайы бұрыш жасаттық. Бұл кісі жайлы ақпаратты отбасы да көп іздеді. Осыған орай былтыр елімізден арнайы делегация құрылған еді. Іздестіру нәтижесінде жазушының ағасы Ресейдің Ржев облысы, Трубина ауылында қаза тапқаны анықталды. Делегациямен бірге барған біздің мектептің ұстазы Ыбырай Ақылбаев Қасымның жатқан жерінен бір уыс топырағын алып келді. Қасым Болтаев 1920 жылы Қаратал ауданында дүниеге келген. 1941 жылы соғысқа аттанып, 1942 жылы 22 ақпанда дүниеден өткен,­ – деді.

Айта кетейік, 2010 жылы аталмыш мектептен Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры ашылған еді. Бүгінде қор аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға үлкен қолдау көрсетуде. Жыл сайын 40-50 балаға киім-кешек пен оқу құралдарын алып береді.

Осыдан кейін облыс әкімі былтыр 10 тамызда басталған Кемел Тоқаев мектебінің жапсаржай құрылысымен танысты. Құрылысқа 80 жұмысшы, 5 бірлік техника жұмылдырылуда. Әзірге мердігер «Bi Global» ЖШС салып жатқан үш қабатты 4 блоктан тұратын ғимараттың  25 пайызы ғана аяқталыпты. Бұл мәселе бойынша облыс басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау керектігін айтып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берді.

Келесі кезекте Қанат Алдабергенұлы Бастөбе сервистік-техникалық колледжіне барды. 1983 жылы құрылған колледжде 300 студент 12 мамандық бойынша білім алуда. Білім ордасында 43 мұғалім сабақ береді. Сонымен қатар, колледждің алыс-жақын ауылдардан келген білімгерлерге арнап салынған 50 орынды жатақханасы бар. Колледжден 39 жылдың ішінде 500 мың жұмысшы дайындалып шыққан.

Сапар барысында аймақ басшысы:

– Үштөбеде «Қазсиликон» зауыты бар. Ондағы жұмысшылардың көбі басқа өңірден келгендер. Зауытқа өзіміздің мамандарды дайындасаңдар әлдеқайда жақсы болады. Сіздерде түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі төмен. Былтыр бітірген білімгерлердің 78 пайызы ғана жұмысқа тұрыпты. Сондықтан арнайы мамандықтар ашып, зауытқа жұмысшы дайындаңыздар. Сонымен қатар, студенттер жинап жатқан автокөлік саймандары ескірген, жаңа құрылғылар алып келіңіздер, ­– деп колледж директоры Мәлікжан Жамалбековке нақты тапсырма жүктеді.

Осыдан кейін құрылысы 2018 жылы басталып, аяқталмай қалған Төле би көшесіне барды. Жоба бойынша мұнда тротуар, көше жарықтандыру, жол белгілері мен таңбалары қарастырылған. Өкінішке қарай, жұмыс әлі аяқталмаған. Бұл жөнінде аймақ басшысы аудан әкіміне нақты тапсырмалар беріп, жұмысты тездетіп аяқтауды міндеттеді.

Қанат Бозымбаев 2002 жылы пайдалануға берілген «Үштөбе-Айдын» ЖШС-на барды. Мұнда 85 жұмысшы еңбек етеді. Зауыттан шығатын өнімдер аудан көлемінде ғана емес, Талдықорған мен Алматы қалаларына да таратылады. Зауыттың ішін толықтай аралап, қызметкерлердің жұмысымен танысып шыққан аймақ басшысы зауыттың жақсы жұмыс істеп тұрғандығын айтып, аумағын кеңейту керектігін жеткізді.

Осыдан кейін «Шаңырақ» шағынауданындағы 1979 жылы салынған №9 тұрғын үйге барып, тұрғындармен жүздесті. Бұл үйде көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен жарымжан жандар тұрады екен. Бірақ үйдің жағдайы өте нашар. Қыста үйдің қабырғаларына мұз қатып, жазда жауын жауса шатырынан  бөлмелерге су тамшылайды. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаған Қанат Алдабергенұлы көмек көрсететінін айтып, аудан әкіміне күрделі жөндеу жұмыстарына керек құжаттарды шұғыл жасап беруін тапсырды.

Келесі кезекте аймақ басшысы ат басын «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі орталығына бұрды.

Шарада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қаратал» күндізгі орталығының директоры Ирина Байғазақова оңалту орталығымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға жоғары білікті ақысыз көмек көрсетіледі. Ауданда мүмкіндігі шектеулі 188 бала бар. Оның 48 пайызы оңалту орталығында. 50 бала күндізгі, 40 бала тәулік бойғы бөлімінде. Биыл 40 балаға арналған оңалту бөлімшесін ашу үшін бюджеттен 123 млн. теңге қаржы бөлініпті. Мекеме «Корвид», «Аника», «Поток-1» сияқты мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсартатын заманауи құралдармен жабдықталған.

Сапар барысында облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аудандық ауруханаға барды. Мұнда 100-ден астам құрылысшы жұмыс істеуде. Аймақ басшысы құрылысты қыркүйек айының басына дейін аяқтауды қатаң тапсырды.

***

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев Қаратал ауданындағы нысандарды аралап көргеннен кейін аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудандық Мәдениет үйіне жиналған тұрғындардың қарасы көп. Тұрғындар алдында Қанат Алдабергенұлы облыс экономикасы жайында қысқаша ақпар берді.

– Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында барлық салаларда оң динамика байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1 пайызға (241,6 млрд. теңге), ауыл шаруашылығы 2,5  пайызға (64,3 млрд. теңге), сауда 2 пайызға (161,2  млрд. теңге), құрылыс 4,3 пайызға  (9,7 млрд. теңге) ұлғайды. 131,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс экономикасына 47,5  млрд. теңге инвестиция тартылды. Бюджетке түсетін түсімдер 130 млрд. теңгені құрап, 23 пайызға өсті. Жыл соңына дейін қол жеткізілген қарқынды сақтауды жоспарлап отырмыз, – деген облыс әкімі Қаратал ауданына да қатысты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

– Қаратал ауданының ауыл шаруашылығында үлкен әлеует бар, мұнда барлық басым дақылдар – қант қызылшасы, жүгері, күріш, бақша дақылдары өсіріледі. Алайда, қант қызылшасын егу жоспары орындалмауда, – деп кемшілікті де тілге тиек етті.

Облыс әкімі күріш өсіру жайында да айтып өтті. Облыс бойынша бұл дақыл Балқаш пен Қаратал аудандарында өсіріледі. Бірақ, Қаратал ауданында уақыт өткен сайын күріш алқаптарының өнімділігі төмендеп келеді.

Қанат Алдабергенұлы сонымен қатар суармалы жер мен мал шаруашылығына қатысты бірқатар ақпаратты алға тартты. «Ұзақ уақыт бойы суару желілерін тазарту мәселесі шешілмеуде. Нәтижесінде 6 мың гектарға жуық суармалы жер пайдаланылмайды, аудан тұрғындарынан суармалы және жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне шағымдар келіп түсуде», – деп бұл бағыттағы жұмысты ширатуды тапсырды.

Жалпы өнеркәсіп, өндіріс, инвестиция тарту мәселесіне де егжей-тегжейлі тоқтап, алдағы уақытта бұл жұмыстарды қарқынды атқаруды тиісті мамандарға тапсырды. Қаратал ауданының инвестиция тарту мәселесінен де төменгі орында екенін айтып, бұл жұмысқа баса назар аудару керектігін жеткізді.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев осыдан кейін тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Бірінші болып сөз алған Кәлпе ауылының тұрғыны Марат Қоржынбаев аудан бойынша көптеген жұмыстың атқарылып жатқанын айта келіп, сол жұмыстарды атқарар кезде мердігер компаниялар жұмысшыларды жергілікті жерден алса деген өтінішін жеткізді. Қанат Алдабергенұлы бұл өтінішті толықтай қолдайтынын білдірді.

Үштөбе қаласының тұрғыны Жолдасбай Әлімбетов: «Аудан бойынша спорт саласы жоғары деңгейде. Қаратал ауданының спортшылары 1996 жылдан бастап барлық Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары бар. Осыған орай ауданымызда дене шынықтыру, сауықтыру кешені салынса», – деген өтінішін айтып өтті.

Бұл өтінішке облыс әкімі: «Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс. Негізінен ауданға бір дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынады деп жоспарлағанбыз. Ол жеке демеушілік арқылы жүзеге асуы керек еді. Бүгінгі таңда ол кәсіпкеріміз шет мемлекетке кетіп қалды. Сондықтан қазір жобалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жоба бойынша спорт кешені 2024 жылы салынады. Егер аталған кәсіпкер уәдесін орындаса, онда спорт кешені жақын арада салынып қалуы да ықтимал», – деген жауап қайтарды.

Кәсіпкер, мал шаруашылығымен айналысатын Ризабек Жетпісбаев шаруа қожалықтарының атынан бір мәселені қозғады. «Ауданда шаруашылықпен айналысатын жеке шаруа қожалықтары бар және фермерлер одағы құрылған. Сол одақтың төрағасы да сайланған. Ендігі жерде фермерлер одағының төрағасы қоғамдық кеңеске мүше болса дейміз. Біздің мәселемізді қоғамдық кеңесте қозғағанға жеңілдік болар еді», – деді ол.

Қанат Алдабергенұлы бұл мәселеге байланысты аудан әкімі Ерлан Шойұлына мәслихат депутаттарымен ақылдасып, заңдылықты сақтай отырып кеңеске мүше болуға мүмкіндік туғызуды тапсырды.

Сауалдардың басым көпшілігі бағаның өсуіне байланысты болды. Мысалға шаруа қожалықтары өнімді өндіріп, жеке кәсіпкерлерге өткізеді. Сонымен олар бірінен-біріне жалғасып, орталық нарыққа жеткенше бағасы өсіп кетеді. Осының салдарынан шаруалар да, халық та қымбатшылыққа ұрынып отыр. Осыған тоқтау жасаса деген сауалдар қойылды.

– Әрине, нарықтық экономика болғасын бағаның өсуі, төмендеуі заңдылық. Дегенмен мемлекет тарапынан да жұмыстар атқарылып жатыр, мұның өзі алдағы уақытта баға тұрақтылығына септігін тигізіп қалар деп ойлаймын. Сонымен қатар біз де өз тарапымыздан қарап қалмауымыз керек. Алдағы жоспарымызда көтерме-бөлшек сауда орталығын ашсақ деген ойымыз бар. Бұл жалпы халыққа да, кәсіпкерлерге де тиімді болмақ, – деген облыс әкімі бұл сұраққа да тиянақты жауап берді.

Қызылбалық ауылдық округі, Көпбірлік ауылының тұрғыны Берекетай Досқожанов аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылға баратын жолдың мәселесі жайында айтты. Ауыл тұрғындары отыз жылдан астам уақыттан бері жол азабын тартып келеді. Ауылдың жолын жөндейміз деп ұтып алған жол жөндеу мекемесі жұмысты аяқсыз қалдырып, тастап кетіп жатыр. Сонымен қатар Көпбірлік ауылының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр деген әңгіме ортаға салынды.

Қанат Алдабергенұлы бірінші сауал бойынша аудан әкімі мен облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысын тұрғызып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізді.

– Мекеме басшысының айтуынша, аталған жол ды жөндеуге қаражат бөлінген, алдағы уақытта тиісті мекеме жұмысты қайта бастайды. Биылғы жылы жұмысты толықтай бітіреді. Бұл Алмалы – Көпбірлік ауылының арасы. Ал Үштөбе – Алмалы арасындағы 175 шақырым жолдың 35 шақырымына жобалық жұмыстар әзірленіп жатыр, – деп жауап берді басқарма басшысы.

Ауызсу мәселесіне қатысты аудан әкімі Ерлан Шойұлына нақты тапсырма жүктеді. Ауылдың маңынан таза ауыз су көзін тауып, осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды.

Қала тұрғыны Наталья Тём «Мүгедек балам бар, жұмысқа шығуға да мүмкіндік жоқ. Мүгедек балам қозғалмайтын болғандықтан баспана мәселесіне қиындық туып жүр. Осыған байланысты үймен қамтамасыз етсеңіз» деген өтінішін айтты.

Жалпы аудан бойынша үй кезегінде тұрған адамның саны 1267. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 96 адамға артқан. Биыл жыл аяғына дейін 30 пәтерлі үй салынады. Соған орай облыс әкімі Қанат Бозымбаев аудан әкіміне нақты тапсырма жүктеді.

Өз кезегінде Ерлан Шойұлы аталған мәселе биыл шешілетінін, кезекте тұрған Наталья Тёмнің биыл үйге қол жеткізетінін атап өтті.

Облыс әкіміне аудан тұрғындарын мазалаған инватакси, қоғамдық көліктің жоқтығы туралы сауалдар да қойылды. Бұл сауалға орай аймақ басшысы тиісті мекеме басшыларына қоғамдық көлікті жүргізу және инватаксимен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді.  

Жиын соңында облыс әкімі Қанат Бозымбаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, тұрғындар мәселесін шешу жолдарын қарастырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,

Айдар ҚАЛИЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы