ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІНДЕ БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ МАҢЫЗЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 05.05.2022
Оқылды: 2026
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы халқымызға конституциялық реформалар жөнінде Үндеуін жариялады.

Үндеуді бастан-аяқ ықылас қоя тыңдадым. Мемлекет басшысының әр айтқан сөзі көңілімнен шықты. Наурыз айында халқымызға арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған мәселелер сәтімен жүзеге асырыла бастады.

Бұл конституциялық реформа, шын мәнінде, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жақсы қадам. Мемлекет басшысы Жолдауында конституциямызға реформа жасау қажеттігі сөз болып, осы мақсатта топ құрылып, үлкен жұмыс жүргізгенін айтты. Конституциялық кеңес мақұлдаған бұл жобаның айырықша мәні барын, келешекте Ата Заң жаңа сипатқа ие болатынын алға тартты.

Бір сөзбен айтқанда, өскелең уақыт талаптарына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізілген Ата Заңымыздың жаңа жобасы мемлекет дамуына жол ашады. Жаңа Қазақстанды құрудың негізін қалайтын болады. Халқымыздың мүддесін, ел-жеріміздің болашағын қорғап, қолдайтын, толықтырылатын болашақ Ата Заңымызды Кеген ауданының тұрғындары шын жүрек, игі тілектерімен қолдайды деп сеніммен айтамын.

Осылайша, алдағы 5 маусымда болатын Бүкілхалықтық референдумға бір кісідей қатысып, лайықты қолдау көрсетейік дегім келеді.

Сабыр ДОСЫМБЕКОВ,

Кеген ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Алматы облысы