ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАҢА АТА ЗАҢ ҚАЖЕТ. ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІНДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?

Уақыты: 05.05.2022
Оқылды: 2032
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Жаңа Қазақстанды құру идеясы бүкіл халықты тың серпілістерге бастады. Мұндай іс-әрекеттердің нәтижесі де шынайы болады. Жаңа Қазақстан алғышарты қалай орнығатынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында егжей-тегжейлі айтқан болатын. Енді саяси өзгерістер заңмен негізделуге тиіс. Сондай кезеңді бәріміз күтіп отырмыз.

Ол үшін, ең алдымен, Ата Заңға уақыт талабынан туған өзгерістер мен толықтыруларды енгізу керек. Бұл үрдісті жүзеге асыру халықтың құзырында. Сондықтан, референдум бойынша таңдау құқығы жарияланып отыр.

Мемлекет басшысының бүгінгі Үндеуінде оның мәні мен маңызы, әр қазақстандыққа артылар жауапкершілік жүгі өте айқын мазмұнда баяндалды. Рефрендумның қорытындысы кемел келешекке жол ашады деген сенімдеміз. Парламент сайлауындағы болатын өзгерістер, саяси партиялар құрудың жеңілдей түсуі, қоғамдық қозғалыстардың пәрменділігі осының басты белгілері.

Халық пікіріне құлақ асатын үкіметтің орнығатыны бәрімізді қуандырады. Сонымен қатар, Конституциялық Сот құрылып, ол адам құқықтарының қорғалуы үшін жұмыс істемек.

Айта берсек, алдағы күндердің жаңашылдыққа толы екеніне шүбә келтірмейміз. Қолға алатын бұл міндеттер науқаншылдықтан ада, нақты нәтижелермен халықтың әл-ауқатын арттырады дегіміз келеді. Сондықтан, референдумды қолдап, оған жаппай үн қосып, таңдауымызды білдірсек, жаңа Қазақстан - жаңа ұрпақты орнықтыратын боламыз.

Әбілбек АЙТАҚЫНОВ,

Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы

Алматы облысы