ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БІР КҮНДЕ ҮШ ҚУАНЫШҚА КУӘ БОЛДЫ

Уақыты: 06.05.2022
Оқылды: 1873
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары «Қарекет» қайырымдылық қорының екі отбасына тұрғын үй кілтін беру, 20 көпбалалы анаға «Алтын алқа», «Күміс алқа» тағу және «Панфилов су құбыры» мекемесіне 6 жаңа арнайы техника тапсыру сияқты бір күнде үш бірдей қуанышты оқиғаға куә болды.

Салтанатты сәтте аудан әкімі Марат Рақымбердіұлы мен «Қарекет» қайырымдылық қорының төрағасы Амангелді Төлемісов Айдарлы ауылында тұратын жалғыз басты аналар Фатима Жұмабаева мен Нұршат Айтбаеваға тұрғын үй кілті мен сертификаттарын тапсырды. Бұл үйлерді жалғызілікті көп балалы аналарға қордың қолдауымен кәсіпкер Берік Оразбаев сатып алып беріпті. Қайырымдылық қорының төрағасы кәсіпкер Берік Зейнелұлының бұдан басқа да қайырымдылық істерге үнемі атсалысып жүретіні айтылды.

Мерекеде аудан әкімі «Панфилов су құбыры» кәсіпорнының өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүргенін атап айтып, мемлекеттік мекеме жүргізушілеріне 209 миллион теңгеге сатып алынған 6 арнаулы техниканың кілтін тапсырды. Сонымен қатар 20 көпбалалы анаға «Алтын алқа», «Күміс алқа» тапсыруы да шара шырайын әрлей түсті.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы