КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА - САЯСИ ӨЗГЕРІСТІҢ БАСТАУЫ. ПРОРЕКТОР ПІКІРІ

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1516
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамлеясының отырысында референдум өткізу туралы мәселе қозғап: "Ол халықтың еркімен жүзеге асатын процесс", - деп атап өткен болатын. Бұл демократиялық қоғамның маңызды институттарының бірі ретінде қалыптасты. Сондай-ақ, референдум өткізу ҚР Конституциясының 3-бабында көрсетілген, яғни, халықтың сайлау процесіне қатысуы заңды. Осыны негізге ала отырып ел Президенті Конституцияны өзгерту еркін халыққа ұсынып отыр. Осыған дейін Ата заң төрт рет өзгерсе де, бірде-бір рет референдум өтпеген. Сол себепті референдумды қолдау аса маңызды.

Қазір ҚР Парламенті және жергілікті мәслихат депутаттары ел ішін аралап осы реформа туралы түсіндіріп жүр. Өзгерістер, суперпрезиденттік бас­қару үлгісі­нен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшуді, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлуді, парламенттің рөлін күшей­тіп, мәртебесін арттыруды, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруді көздейді.

Елорда мен Алматыдан алыс аймақтар үшін маңызды өзгерістің бірі – облыс әкімдеріне байланысты. Конституцияның 87-бабы 4-тармағы­ндағы жаңа өзгеріске сәйкес олар­ды Президент облыс аумағында орналас­қан мәслихат депутаттарының келісі­мімен тағайындайды. Бұл өңірдің дамуына, қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Мемлекет басшысы облыс әкімі болуға кемінде екі кандидатура (одан көп болуы да мүмкін) ұсы­нып, дауысқа салады. Дауыс беру­ге қатысқан депутаттардың көп дауысын жинаған кандидат облысқа басшы бола алады.

Жергілікті билікке қатыс­ты Президенттің өкілеті азайып, мәслихаттардың рөлінің артуы жауапкершілікті күшейтеді. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттарына үміткерлер енді тек партия атынан ғана емес, жеке азамат ретінде де сайлауға түсуге хақы бар. Конституцияның 50-бабы, 3-тармағының және 51-бабы, 1-тармағының жаңа редакциясында көрсетілген бұл өзгеріске қатысты тағы бір жайт – бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжі­ліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады.

Конституцияның жаңа 83-1-бабы­ның нормаларына сәйкес, адам құқықтарын қорғайтын Уәкіл ешкімге бағынбайды. Бұл оның ешкімге жалтақтамай өзін ісін толық атқаруына мүмкіндік береді.

Ақпарат алудың әр алуан тәсілі дамыған заманда көзіқарақты әр азамат конституциялық реформа жайында өз бетінше ізденіп, толық біле алады. Ендігі міндет – референдумға немқұрайлы қарамай, белсенді қатысу. Саяси өзгеріске бей-жай қарамаған тұрғындар заң үстемдік ететін қоғам орната алатыны анық. Сол себепті азаматтарды белсенді болуға шақырамын.

Болат СЕРИЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жастар саясаты жөніндегі проректоры

Алматы облысы