БІЗ ҮШІН ДАУЫС БЕРЕ САЛАДЫ ДЕГЕН БЕЙҚАМДЫҚ КЕРЕК ЕМЕС - ДЕПУТАТ ПІКІРІ

Уақыты: 27.05.2022
Оқылды: 1208
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Санаулы күннен кейін ел өміріндегі елеулі оқиғаға куә боламыз. Қазақстанның дамуы мен халқының бақуатты өмір сүруі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткізетінін айтқан сәттен бастап болашаққа деген ел көңіліндегі күдік сейіліп, үміт оты жана бастағаны рас. Ата Заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізу Жаңа Қазақстанның жаңғыруына жасалған батыл қадамның бірі.

Конституциядағы 33 бабқа енгізілетін 56 өзгеріс ең алдымен билік үшін емес, халық үшін керек. Ел Президентінің «халық үнін еститін үкімет» қағидасының толыққанды іске асуына да осы референдумнан кейін кеңінен жол ашылады деген сенім мол. Референдум өтеді деген күннен бастап, елдің талап-тілектері мен ұсыныстары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқылана бастады. Әркім өзін толғандырып жүрген мәселеге орай өзгеріс керек екенін айтып жатыр. Мұндай белсенділік бұқараның саяси сауаттылығының жоғарылағанының белгісі.

Өзім Райымбек ауданының орталығында тұратындықтан ауылдықтардың басты арман-мақсаты жер мәселесі екенін жақсы білемін. Әсіресе, жайылымдық жердің дауы ауылдағы ағайынды алаңдатып отырған үлкен мәселе. Референдумда осы жер мәселесінің көтеріліп жатуы да қарапайым халықтың үніне құлақ асу деп ойлаймын.

Отыз жыл билік партиясы болып келген «NUR OTAN»  Қаңтар оқиғасынан кейін «AMANAT» партиясы деп аталды. Дәл осы тұста менің маңдайыма облыстық мәслихаттың депутаты болу бұйырды. Кезінде мәслихатта көп нәрсе қаралғанымен оның бәрі бірдей шешіле бермейтін. Президентіміз Жаңа Қазақстанды құру бағытында мәслихаттың рөлін арттыруға аса мән беріп отыр. Бұл мәслихат депутаттарының мәртебесін көтеріп қана қоймайды, сонымен бірге, халық қалаулыларына зор жауапкершілік артады. Біз осы жауапкершілікті сезіне отырып Мемлекет басшысының саяси өмірімізге енгізіп жатқан жаңаша бастамасына қолдау көрсетуіміз керек.

Осы тұста бұқара халықтың да ауызбіршілігі қажет. «Біз бармасақ та біз үшін дауыс бере салады» деген осы уақытқа дейінгі сайлауларға қарағандай бейқамдық керек емес. Қазақстанның әр азаматы референдумға қатысып, өз таңдауын жасауға, сол арқылы Жаңа Қазақстанды құруға үлес қосуға міндетті.

Нұрбол ӘЛИЕВ,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты