ТАЛҒАРДА МОТОЦИКЛ ТІЗГІНДЕГЕН МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ҚАЗА ТАПТЫ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 28.05.2022
Оқылды: 1512
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданында мотоцикл тізгіндеген 9-сынып оқушысы мектеп қоршауына соғылып қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, 17 жастағы бозбаланың басы жарылып, оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

Қайғылы оқиға түскі сағат 12 шамасында Талғар ауданына қарасты Еламан ауылында болған. Әкесінің «Ямасаки» мотоциклін басқарған жеткіншек дәл мектеп алдына келгенде тоқтай алмай, бордюрге соқтығысқан. Сөйтіп, басымен темір қоршауға ұрылған.

Қазір Талғар ауданының полицейлері сараптама тағайындап, тергеу амалын жүргізіп жатыр.

Қапыда ажал құшқан бозбала Талғар ауданының №41 орта мектебінде 9-сыныпта оқыған. Білім ошағындағылардың айтуынша, таңғы уақытта емтиханға дайындалуға жаяу келген. Екі сабақты өткізіп, үйіне қайтқан. Ал оқушының мотоциклмен мектепке не үшін қайта оралғаны белгісіз. Тергеу жалғасуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"