БАЛАЛАРДЫ КӨЗДЕН ТАСА ҚЫЛМАҢЫЗ! АЛАКӨЛДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 11.07.2022
Оқылды: 1267
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеше кешкісін Алакөл жағалауында екі бала жоғалып кетті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің сайты төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Алакөл өңірінің жедел құтқару жасағының құтқарушыларына Жетісу облысы Алакөл ауданының Ақши ауылында демалып жатқан 2016 жылы туған баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 17-35-те ол жағалауда ойнап жүрген жерінен жоғалып кеткен. Бала ата-анасымен бірге Нұр-Сұлтаннан келген.

Құтқарушылар дереу іздеуді бастады. Іздестіру жұмысына алты құтқарушы мен 3 техника, сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Бала шамамен 1,5 шақырым қашықтықтан дін аман табылды. Медициналық көмек қажет болған жоқ.

Дәл сол күні сағат 18-15-те сол жағалаудан 2018 жылы туған қыз бала табылды, ол сағат 18-05-те Алакөлдің жағасында, қоғамдық жағажайдың жанында ойнап, үлкендердің назарынан тыс қалған. Құтқарушылар қызды ата-анасының орналасқан жерінен шамамен 400 метр қашықтықта тапты. Медициналық көмекке жүгінген жоқ.

Балалардың ата-анасымен судағы қауіпсіздік ережелері және су маңындағы кәмелетке толмаған балаларға үнемі назар аудару қажеттілігі туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Алматы облысының ТЖД азаматтарды суға шомылу маусымында барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"