АЙТА-АЙТА ШАРШАҒАНБЫЗ. ТЕКЕЛІ ТҰРҒЫНДАРЫ ЛАЙ СУ ІШУГЕ МӘЖБҮР

Уақыты: 18.07.2022
Оқылды: 2304
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласында ауызсу – кезек күттірмейтін мәселе. Моноқала тұрғындары таза суды бастаудан тасуға, кейбірі сатып алып ішуге мәжбүр. Өйткені, орталықтандырылған ауызсу ішуге жарамайды. Жаңбыр жауса тіпті лайланып кетеді. Текеліге таза ауызсу қашан беріледі?

Облыс әкімі сапармен барғанда, сондай-ақ, жылда әкім есебі болған сайын тұрғындар осы мәселені көтереді. Бірақ ұсыныс-тілек орындалмай қалып қоя береді.

«Текеліге таза ауызсу береміз» деген сөзді естіп келе жатқанымызға 20 жыл болды. Мәселе күні бүгінге дейін шешілген жоқ. Краннан «сүтті кофені» қашанғы ішіп отырамыз?», – деді қала тұрғыны Наталья Хабарова: қала тұрғыны Наталья Хабарова.

Бұл мәселе бойынша жауапты мамандар су көзіне қойылған екі сорғы істен шыққанын, Шажа өзеніндегі бір сорғыға қосымша тағы екі сусорғы орнатылатынын, таза су мамыр айында берілетінін айтқан еді. Мамыр тұрмақ, шілде айы орталанды. Бірақ жергілікті халық әлі таза су іше алмай отыр. Сылдыр сөз, құрғақ уәдеден жұртшылық діңкелеген.

– Әкімдікке айта-айта шаршағанбыз. Әлеуметтік желіде де жазылып жатыр. Әне-міне, ауызсу болады деп уәде бергеннен пайда жоқ. Жаз айында жаңбыр жауса болды үйдегі су ішпек түгіл, жуынуға жарамай қалады. Су ысытатын бойлер құмға толып қалады. Бойлерді жиі тазалауға тура келеді. Суды ашық су көздерінен тасимыз. Сатып алатын күндеріміз де болады, – дейді қала тұрғыны Анастасия Кроммер.

Зейнеткер Валентина Костромина да су жылдан-жылға лайланып жатқанын, қала тұрғынының кез-келгенін тоқтатып ең өзекті мәселені сұрасаң барлығы ауызсу деп шулайтынын айтады.   

Текелі қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Армангүл Ноғайбаеваның мәліметінше, 2018 жылы «Горняцкий» шағынауданында 3 ұңғыма бұрғыланыпты. Оның тереңдігі – 200 метр. Осы ұңғымадан қалаға су тарту жобасы жасалған. Жоба құрылысының жиынтық сметалық құны 1,055 миллиард теңге болса, биыл жұмысты бастауға облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініпті. Мердігер конкурс нәтижесі бойынша анықталады. Барлық жұмыс 10 айға лайықталған.

Жергілікті атқамінерлер шешілмей жатқан мәселеден хабардар. Қала әкімі Батыр Молдахметов халық артезиан суына келер жылы қол жеткізетінін мәлімдеді. Жергілікті әкімдіктің сөзіне сүйенсек, күтуден басқа жол жоқ көрінеді.

          Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы