ҚАПШАҒАЙДА ЕГІЗ БАЛА СУҒА БАТЫП КЕТЕ ЖАЗДАДЫ - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 28.07.2022
Оқылды: 1327
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай су қоймасында тағы екі бала батып кете жаздады. Олар - егіз. Бұл туралы Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

"2022 жылдың 28 шілдесінде Қонаевтың жедел құтқарушылары Қапшағай су қоймасын патрульдеу кезінде 2009 жылы туған егіз қызды құтқарды, олар жағадан 100-150 метрге жүзіп, терең жеріне барғанда батып кеткен. Құтқарушылар уақытында көмекке келді, олар құтқарылған балаларды жағаға жеткізді және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша нұсқау берді. Құтқарылған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады. Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауды және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, төтенше жағдай департаментінің жұмысы жаз маусымында ауырлай түскен. Жуырда тағы осы Қапшағай қоймасында екі шетел азаматы (Ұлыбритания мен Үндістан азаматы) суға батқан еді. Оның біреуі (үндістандық) қаза тапты. Кейін тағы екі жігіт құтқарылған. Ал Алакөлде бес жастағы екі бала жоғалып кетіп, құтқарушылардың көмегімен аман-есен табылған еді. Бұл оқиғалар осы екі айдың ішінде орын алды.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"