ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ: МАЗМҰНЫ МЕН ФУНКЦИЯЛАРЫ. ТІЛШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 29.07.2022
Оқылды: 1538
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының журналистері арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет: мазмұны, рөлі, функциялары» тақырыбында іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды "Жетісу" газетінің сайты.

«Өлке тынысы» ЖШС-нің комлаенс-офицері Жанар Хабасова қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Басқосуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, түсінігі, құрылымы, міндеттері мен функциялары жайында ақпарат берілді.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – адамның сыбайлас жемқорлыққа саналы және моральдық қарсы тұру қабілеті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет адамның жоғары адамгершілік, құқықтық, саяси және басқа да мәдениеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін білдіреді, - деді комплаенс-офицер.

Оның айтуынша, ұжымда, мекемеде жемқорлық белгілері байқалған жағдайда тиісті орындарға хабарлау міндетті. Ал жемқорлық фактілерін көре тұра үнсіз қалу, елемеу немесе мән бермеу жауапкершілікке әкеп соғады. Бір жемқорлық дерегінде бірнеше адамға дейін күдікті болып саналуы мүмкін. Оның ішінде, параны алушымен бірге беруші де, жемқорлықты жасырушылар да қылмысқа қатысушы ретінде қаралады. Сондықтан, әрбір қызметкердердің бойында жемқорлыққа қарсы мәдениет, адалдық әрі жауапкершілік болуы тиіс.

Комплаенс-офицер жемқорлыққа қарсы шараларды түсіндіру бойынша мұндай жиын жиі өтіп тұратынын, заң, құқық саласына қатысты сауалдар туындаса, кеңес беріп, қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Жиын соңынан журналистер тарапынан сыйлық пен параның айырмасы, жемқорлықты дер кезінде хабарлау, құқықтық сауаттылық, нөлдік төзбеушілік жайында сұрақтар қойылып, тұщымды жауап алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"