ЖЕТІСУДА ТАУЛЫ АЙМАҚ ӨРТЕНІП ЖАТЫР. ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫН ҚЫТАЙ ШЕКАРАСЫНА ЖЕТТІ

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1809
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаменті Алакөл ауданының таулы аймағында болып жатқан өрт жайлы жаңа деректерімен бөлісті.

Департамент өкілдерінің мәліметінше, өрт ауданы 500 гектарға жеткен. Оны сөндіруге 187 адам мен екі тікұшақ тартылған. «Сағат 15:00-де Абай облысынан қосымша "МИ-8" ұшағы шықты. Желдің жылдамдығы 28-30 м/с, бірақ желдің бағыты шығыстан батысқа қарай, Үшарал-Достық тас жолына қарай өзгерді. Шекарадан қашықтығы - 10 шақырым. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ елді мекендерге қауіп төнбеді. Жағдай бақылауда. Барлығы екі "МИ-8" тікұшағы, 17 техника және 183 жеке құрам жұмылдырылды», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Департамент өкілдерінің айтуынша, өрт көрші Қытай шекарасына жеткен. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Шекара қызметі көрші мемлекетке өрттің соларға қарай таралуы мүмкін екенін ескерткен.

«Қызыл жалын көрші мемлекеттің күшімен сөндірілді. Оқиға орнында штаб жұмыс істеп жатыр», - деп толықтырды департаменттен.

Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Достық станциясы маңында құрғақ шөп пен бұталар өртенген еді. Табиғи өрттің таралу алаңын нақтылау мақсатында шекара қызметінің "МИ-8" тікұшағы 13 сағат 00 минуттан 14 сағат 30 минутқа дейін ұшып өтті. Ұшу нәтижесінде өрттің аумағы мен бағыты анықталды.

Тәуліктің қараңғы уақытының басталуына байланысты 21 сағат 30 минутта өрт сөндіру бойынша жұмыс тоқтатылды және орман шаруашылығы қызметкерлерімен табиғи өрттің таралуына жол бермеу мақсатында қарауылдау ұйымдастырылды. Табиғи өртті сөндіру ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінен бастап 06 сағат 00 минутта қайта басталған еді.

Табиғи өрттің жануы 2022 жылғы 7 қыркүйекте 09 сағат 15 минутта жалпы көлемі 105 гектар алаңда оқшауланған болатын. Бірақ таулы жерде құрғақ шөптің бықсуы тоқтамаған.

Өртті сөндіруге барлығы 113 адам жұмылдырылды. 14 бірлік техника, 20 аспалы бүріккіш, 6 жылқы пайдаланылды.

Қазіргі таңда өрт қаупі сейілген жоқ. Кеше таңғы уақытта тағы да өртке қатысты хабарлама келіп түсті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 8 қыркүйек күні сағат 04:30-да келген. Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер жөнелтілді.

Өрт сөндіру бригадасы келген кезде «Кендір сақал» орман шаруашылығындағы шыққан өрттің жалпы ауданы 60 гектарға жетті. Онда құрғақ шөп пен бұталар өртенуде.

«Өрттің қылқан жапырақты орманға таралу қаупі бар. Дала өртін сөндіру бойынша ынтымақтастық жоспарына сәйкес облыс департаментіне Алакөл орман шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметкерлері тартылды. Талдықорған қаласынан Төтенше жағдайлар департаментінің қосымша жеке құрамы – 45 қызметкер мен 5 техника жіберілді. Өрт ошағына дейінгі қашықтық 490 шақырымды құрайды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Жетісу облысы әкімінің жаңа қаулысы талқылауға шығарылды. Онда 22 қыркүйектен 1 қарашаға дейін жекелеген адамдардың орманға баруына тыйым салу туралы айтылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"