АЛАКӨЛДЕГІ ӨРТКЕ ЕКІ ТІКҰШАҚ СУ ШАШЫП ЖҮР. ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫН ӘЛІ СӨНГЕН ЖОҚ

Уақыты: 11.09.2022
Оқылды: 1352
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының тауларында, атап айтқанда «Достық» станциясы маңындағы дала өртін сөндіруге 232 адам мен 2 тікұшақ жұмылдырылған. Бұл туралы Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Кеше таңертең өрт ошақтарын анықтау үшін "МИ-171" тікұшағымен комиссиялық бақылау жүргізілді. Аумақтың орман алқабында 125 га болатын үш бықсу ошағы анықталды. «Сағат 10:30-да тікұшақтармен екі рет су төгілді. Судың көлемі - 6 тонна. Жалпы, үш күн ішінде 22 рет су төгілді (66 тонна). Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр», - деп хабарлады департамент өкілдері.

Өртті сөндіруге барлығы адамдардан бөлек 26 техниканың, 60 аспалы бүріккіштің және 11 аттың күші пайдаланылды.

Бүгін-ертең Жетісу облысының таулы және тау бөктері аумақтарында найзағай ойнап, жаңбыр жауатыны болжанған. Бұған дейін Жетісу облысында тауда тұтанған өрт Қытай шекарасына жеткен еді. Қызыл жалын көрші мемлекеттің күшімен өшірілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"