АРТЫЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІК АЙРЫҚША. ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНА ЖАҢА ТӨРАҒА КЕЛДІ

Уақыты: 19.09.2022
Оқылды: 1130
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облыстық сотының төрағалығына Ержан Кененбаев тағайындалды. Жаңа тағайындалған төрағаны Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов таныстырды.

Өз сөзінде ол көпшілікке Ержан Әбдірақымұлының өмірбаяны мен еңбек жолын жетік білетінін атап өтіп, артылған жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігіне тоқталды. Одан соң сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу облыстық сотының төрағалығына тағайындалған Ержан Кененбаевтың жұмысына сәттілік, табыс пен береке тілейтінін жеткізді.

– Шын мәнісінде облыстық соттың төрағасы болу үлкен жауапкершілікті, кәсіби биліктілікті талап ететін лауазым. Конституцияға сәйкес еліміздегі билік тармағы үшке бөлінетінін жақсы білесіздер. Сондықтан сот кеңесі, тармағына, билігіне артылар жауапкершілік айрықша, – деген облыс әкімі облыстық сот төрағасы көтерер жүкті салмақтады. – Президентіміз айтқан әділ Қазақстан, әділеттілік принципін толық сақтау нәтижесін биігінен түсірмей ұстау қиын. Кез-келген аумақтық соттың судьясы облыстық сот төрағасының қолында әділдік принципін нақты жүзеге асыру механизмі бар екенін жақсы біледі. Кез келген тағдырды таразылайтын тек қана әділ қазы, әділ судья. Сол себепті, Ержан Әбдірақымұлы сіздің осы қызметке тағайындалуыңызды шын жүректен қалап, өз қолдауымды білдіргенмін. Құдайдың, Ардың, Халықтың алдындағы міндет тағы бар. Соған орай Ардың соты, Ардың ісі, елдің ертеңі дегенді ұмытпай Жетісу өңіріндегі заңдылықты сақтап, әділдік принципін жүзеге асыру сіздің қолыңыздан келеді. Ісіңізге сәттілік, мықты денсаулық берсін!

Естеріңізге сала кетсек Ержан Кененбаев бұған дейін Панфилов аудандық сотының төрағасы, Алматы қалалық сотының судьясы лауазымын атқарған.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы