СУДА ЖҮЗУ САЙЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ. ҚОНАЕВТА ЖАҢА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 28.10.2022
Оқылды: 1529
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен «OCEANMAN KAZAKHSTAN» франшизасының иесі Ералы Оралов Қапшағай су қоймасында ашық суда жүзуді екінші рет өткізу туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа қол қою рәсімі барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев биылғы жылы өткен іс-шараның алғашқы бастауы қазақстандықтар мен жақын және алыс шетелдерден келген спортшылардың үлкен қызығушылығын тудырғанын атап өтті.

- «OCEANMAN KAZAKHSTAN»-ның алғашқы старты жүзу маусымының басты оқиғасы болды. Қонаев қаласы екі күн бойы өз күші мен мүмкіндігін сынаған спортшылардың орталығына айналды, – деді облыс басшысы.

Өз кезегінде франшиза иесі Ералы Оралов келесі маусымда қатысушылар саны төрт деңгей бойынша артатынын жеткізді.

– Біз халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларға сұраныстың жоғары екенін аңғардық. Тіркеу аяқталғаннан кейін алғашқы сайысқа қатысуға ниет білдірушілер біз ойлағаннан әлдеқайда көп екені анықталды. «OCEANMAN KAZAKHSTAN» жобасы аясында екінші рет өтетін жарысқа 1800 адам тіркелді, – деді Е.Оралов.

«OCEANMAN KAZAKHSTAN» ашық суда жүзу сайысы екінші рет 2023 жылдың 1-2 шілдесінде Қапшағай су қоймасында өтеді. Ұйымдастырушылар жарыстың бастапқы қашықтығын өзгертпеу туралы шешім қабылдады. HALF OCEANMAN (5 км) және SPRINT (1,5 км) үшін 600 орын, ал толық OCEANMAN (10 км) және балалар «OCEANKIDS» (800 м) жүзу үшін 300 орын қарастырылған.

Биылғы жылдың шілдесінде өткен OCEANMAN KAZAKHSTAN бірінші старты отандық жүзу маусымының негізгі жаңалығы болды. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар мен әуесқойлар қызығушылық танытты. Төрт қашықтыққа жүзу бойынша 7 елден 1200 қатысушы тіркелді. Жарыс басталған күні Қапшағай су қоймасында жүзушілер мен жанкүйерлерді қосқанда 3 мыңнан астам адам болды.

«OCEANMAN KAZAKHSTAN» ашық суда жүзу сайысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Sport Qory» туризм және спорт саласын қолдау қоры. Ал бас демеуші – «Freedom Holding Corp» инвестициялық тобы.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы