АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БЮДЖЕТІНЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛДІ. МӘСЛИХАТ ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 13.12.2022
Оқылды: 1800
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық мәслихатының кезекті XXXІ сессиясы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев төрағалық еткен жиында бірнеше мәселе қаралды.

Сессияда облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 14 желтоқсандағы № 12-59 «Алматы облысының 2022– 2024 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізіліп, облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттердің арасындағы 2023–2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы шешімнің жобасы талқыланды. Сондай-ақ, облыстың 2023–2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы шешімінің жобасы нақтыланып, облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 26 сәуірдегі №14-80 «Алматы облысы Іле ауданы серіктес – қала Гейт Сити Бас жоспарын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ораз Асыланның айтуынша, 2023 жылға арналған облыс бюджетінің жобасы – 743,5 млрд. теңге, 2024 жылы 823,8 млрд. теңге, 2025 жылы 951,6 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде облыста баспанаға мұқтаж 36 мың адам кезекте тұр. Жалпы, 2023 жылға арналған денсаулық сақтау бойынша медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 2,1 млрд. теңгеге 60-тан аса санитарлық автокөлік лизингке сатып алынбақ. Әлеуметтік қамсыздандыруға 31,2 млрд.теңге бағыттау жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 54 ауылдық елді мекенде 16,4 млрд. теңгеге 80 жоба қамтылмақ.

Сессияда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев 2023–2025 жылдарға арналған шығыстар бойынша бюджетті қалыптастыру кезінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарда көзделген іс-шараларды, Ұлттық жобаларда, облыстың даму бағдарламасында және елді мекендердегі есептік кездесулерде көтерілген мәселелерді іске асыруға басымдық берілетінін сөз етті. Сонымен бірге, үш ауысымды мектептерді жою, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ирригациялық арналарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, сумен жабдықтау, жол жөндеу, шағын және орта бизнесті қолдау сияқты проблемалық мәселелердің ескерілетіні, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда толық жабдықталған және заманауи талапқа сай келетін 63 мектеп, облыс бойынша 38 денсаулық сақтау мекемесін салу жоспарланып отырғаны тілге тиек етілді.

– Мемлекет басшысының Қонаев қаласына сапары кезінде G-4 City аумағында және Қонаев қаласында арнайы экономикалық аймақ (СЭЗ) құру жайлы тапсырма берілді. Бұл қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға, инвесторлар тартуға және облысқа жыл сайынғы туристер әкелуге мүмкіндік береді. Бұл мәселені шешу үшін 111,8 мың гектар аумақта Бас жоспар әзірлеу қажет. Онда перспективалы халық саны 2 183,8 мың адам болады деп күтілуде. Жыл соңына дейін облыс орталығының жаңа Бас жоспары дайындалады, онда ауданы 10,5 мың гектар «Жаңа Іле» әкімшілік-қоғамдық орталығының құрылысын жүргізу көзделуде. Бас жоспар аясында Драма театры, Жастар үйі, Неке сарайы, Орталық стадион, перинаталдық орталық, концерт залы, мұражай, Халыққа қызмет көрсету орталығы, көпсалалы аурухана, спорт кешені сияқты ірі нысандардың құрылысы жүргізіледі – деді аймақ басшысы.

Бұл жобалар республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан және жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Келешекте Қонаев қаласы елдің жаңа экономикалық өсім нүктелерінің біріне айналып, Алматы агломерациясының дамуына қуатты серпін бермек. Сессия соңында бюджетке енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға бірауыздан қолдау көрсеткен депутаттарға алғыс айтылды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы