ХАЛЫҚТЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕ. МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ ЖАМБЫЛ, ІЛЕ АУДАНДАРЫНА БАРДЫ

Уақыты: 15.12.2022
Оқылды: 3514
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ соңғы екі күнде Жамбыл және Іле аудандарына барып, халықпен кездесті. Бұл туралы "Алатау арайы" газетінің тілшілері мәлімдеді.

Алдымен Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарында халықты толғандырған бірқатар әлеуметтік мәселе қозғалып, шешу жолдары айқындалды.

Кездесуде Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың баяндамасы тыңдалды. Онда ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жобаларға кеңінен тоқталып, барлығы, негізінен, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны айтылды. Одан кейін өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндап, өркендеудің алдағы уақыттағы басты бағыттарына тоқталды.

Осы орайда Жамбыл ауданы облыстың дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын, әсіресе, ауыл шаруашылығының маңызы зор екенін, саланы заман талабына сай дамыту қажеттігін айтты. Бұл орайда жылына 8 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы Қасымбек ауылындағы ірі ет комбинатының жұмысын өндірістік қуаттылығына жеткізу қажет. Сонымен қатар «СұңқарАлматыҚұс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірі құс фабрикасының мүмкіндігі зор. Ауданда нарық сұранысына сай түрлі тауар өндіретін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен қатар, өнеркәсіп орындарының да жұмыс істейтінін оң бағалап, алдағы өркендеу бағыттарына тоқталды. Үңгіртас ауылында полиэтилен құбырларын шығаратын «Пласт Инвест» және Қасымбек ауылында «Тексан Қазақстан» зауыттары қазіргі заман сұранысына қажетті сапалы бұйымдар шығарады. Ауданда осындай басқа да өндірістер ашудың жолдарын іздестіруде ауыл әкімдері де әрекеттену керегін ескертті. Әлеуметтік нысандардан ауданда мектептер, денсаулық сақтау мекемелері салынып жатыр. Аудан орталығында бұрын болмаған 5 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы келесі жылы аяқталмақ. «Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мұндай істер алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деді.

Облыс әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындар сұрағына кезек беріліп, Марат Елеусізұлы әрбір өтініш, ұсынысқа толымды жауап беріп отырды. Халық, негізінен, өздерінің жеке басына қатысты емес, көпшілік үшін қажетті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Сарыбай би ауылының тұрғындары осы ауылдағы Мәдениет үйінің ғимараты әбден тозығы жетіп ескіруіне байланысты күрделі жөндеу қажеттігін айтты. Қарғалы ауылының тұрғыны Мұса Ахметжанов 30 мың адам тұратын ауылда әлі күнге дейін Мәдениет үйінің, спорттық-сауықтыру кешенінің жоқтығына қынжылыс білдірді. Ұзынағаш ауылының тұрғыны Серікбол Қабаржан көпқабатты тұрғын үйлер салына бастағанына ризашылығын білдіріп, алдағы жылы одан да көптеп салынса деген тілегін жеткізді. Мыңбаев ауылынан Гүлім Сұлтанқызы: «Осы елді мекендегі 1961 жылы салынған ауызсу жүйесін жаңартуды сұраймын», – деді.

Өңір басшысы тұрғындар тарапынан қойылған осындай әрбір сұрақты залда қатысып отырған жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге қарастырып, мүмкіндігінше жүзеге асыруға жұмыстар жасалатынын айтты.

Аудан тұрғындарымен кездесуін аяқтаған соң Марат Сұлтанғазиев азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Өңір басшысы бұл сапарында ауданның 24 ауылдық округ әкімдерімен бөлек жиын өткізді. Сапар соңында сондай-ақ Қайназар ауылында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

***

Іле ауданы Чапай ауылдық Мәдениет үйінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің халықпен кездесуі өтті. Жиын барысында алғашқы болып Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев есеп берді.

Өз сөзінде Бағдат Әбілмәжінұлы бұған дейінгі кездесулерде халық көтерген мәселерге тоқталып, ол тұрғын үй, саяжай, жол, газ, қоғамдық көлік жайы екенін атап өтіп, осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстың экономикалық-әлеуметтік даму бағытын баяндай келіп, Іле ауданындағы шешімін табуы тиіс мәселелерді атады.

- Алматы облысының экономикасын дамытуға Іле ауданы үлкен үлес қосады, ол Қарасай ауданынан кейінгі өнеркәсіп кәсіпорындарының саны бойынша облыста екінші орында. Ауданда 10 айда 10% өсіммен 533,1 млрд.теңгеге өнім өндірілді. 331-ші кәсіпорынның 261-і немесе 79%-ы өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді. Бұл жақсы көрсеткіш.

«Филип Моррис Казахстан», «Джей Ти Ай», «Raimbek-Agro», «Galans Bottlers», «Первый пивзавод», «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» сияқты ауданның алты жүйе құраушы кәсіпорындары ауданның өнеркәсіптік өнім көлемінің жартысынан астамын (54,3%) өндіреді және облыстық бюджетке түсетін түсімдердің 40% қамтамасыз етеді. Инвесторларды тарту үшін құрылып жатқан «Береке» индустриялық аймағының артықшылығы зор, - деді Марат Елеусізұлы.

Облыс әкімі халықты тұрғын үймен, сапалы ауызсумен, жұмыспен қамтудың маңыздылығына тоқталды. Ауданда үшауысымды мектептер жайы өзекті екенін айта келіп, бұл мәселе "Жайлы мектеп"  жобасы аясында алдағы екі-үш жылда толық шешімін табатынын жеткізді.

Есепті кездесуде аудан тұрғындары өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Көпшілікті алаңдататыны - газ бағасының қымбаттығы, жылудың біркелкі берілмейтіндігі, саяжайдағы электр қуатының төмендігі, мектептердегі ақша жинау мәселесі, емхана жайы. Тұрғындарды алаңдатқан барлық мәселе бойынша нақты жауаптар беріліп, оның шешімін табу жолдары айтылды.

Халықпен кездесуден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ,

Алма ЕСЕНБАЙ

Жамбыл, Іле аудандары,

Алматы облысы