АЛАР АСУЫМЫЗ АЛДА. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 16.12.2022
Оқылды: 2298
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Қадірлі жерлестер! Сіздерді еліміз үшін ең қастерлі мерекелердің бірі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – бұл әрбір Қазақстан азаматының жүрегінде құндақталған ең ұлы сөз! Тәуелсіздік, еркіндік, бостандық деген ұлы ұғымның қаншалықты қадірлі екенін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Тәуелсіздікке қол жеткізу қандай қымбатқа түссе, дербестігімізді ары қарай дәріптеу, оны көздің қарашығындай сақтау ісі де зор жауапкершілік жүктейді.

Азаттық жолында күрескен кешегі батыр бабаларымыздың ерлігі тағылымды тарих бетінде сайрап жатыр. Өткенге тағзым жасау, бабалар қалдырған аманатқа қиянат келтірмей, еркіндік жолында елімізді өркендету – біздің буынға артылған үлкен міндеттің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деген сөзі біздің еліміз үшін ең басты идеология болып саналады. Осынау ұлан-ғайыр Ұлы Далада бейбітшілігімізді сақтап, ынтымақ пен береке-бірлігімізден ажырамай өмір сүрудің арқасында әлемге тәуелсіз, тату ел ретінде танылдық. Ауқымды жоба-жоспарларды сәтімен жүзеге асырдық. Алар асуымыз әлі де алда.

Қадірлі облыс тұрғындары! Биыл Алматы облысы екіге бөлінді. Қонаев қаласы облыс орталығы статусын иеленді. Ендігі кезекте өңіріміз жаңа серпінмен даму үстінде. Болашақта Қонаевта үлкен жобалар жүзеге асып, «ақылды» қалалардың біріне айналары сөзсіз.

Тәуелсіздік күнінде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе, тыныштық тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ,

Алматы облысының әкімі