ПАСЫҚ ПРОПАГАНДАДАН АУЛАҚ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІ ЖАҢА САЙТПЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 15.12.2022
Оқылды: 3554
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Medialab" коммуникация агенттігі еліміздің ақпарат кеңістігіне QAZ365.KZ сайты (жаңа сайтпен танысу үшін үстінен басыңыз) қосылғанын хабарлады. Алматыдағы «Атакент» сауда орталығының қонақүйінде жаңа ақпарат агенттігінің таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, әріптестеріне сәттілік тіледі.

Осыдан бір жарым жыл бұрын қазақ журналистикасында өзіндік орны бар бір топ азаматтар "Medialab" коммуникация агенттігін құрған болатын. Қаламы қарымды журналистер аз уақыттың ішінде көптеген игі істің ұйытқысы болды. Енді міне, олар үлкен жобаны қолға алып отыр.

- Бауыржан Карипов, Жарас Ниязбек, Алмат Әбдіраман, Ербол Азанбек, Дәнеш Байболатов және Ұлан Тәліпбай сынды әріптес достармен ақылдасып, медиа саласында жаңа агенттік ашсақ деген тоқтамға келген едік. Соны жүзеге асыру мақсатында тынбай іздендік. Нәтижесінде "Medialab" коммуникация агенттігі өз жұмысын бастады. Бір жарым жыл ішінде біраз шараларды жүзеге асырдық. Мәселен, биыл "Жусан банктің" тапсырысымен 40 журналиске медиа тренинг өткізуді ұйымдастырдық. Оларға арнайы мамандар қаржылық сауаттылық туралы дәріс өткізді. Қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында Бейсен Құранбек ағамызды еске алуға арналған мини футболдан өткен турнирге демеушілік жасадық. Енді міне, жаңа сайтымыз оқырманға жол тартты. Алда атқарылатын жұмыстар аз емес, - деді "Medialab" коммуникация агенттігінің директоры Ришат Асқарбекұлы.

Кеште QAZ365.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Бауыржан Карипов жаңа сайттың қандай бағыт ұстанатынын жан-жақты әңгімеледі.

- Жаңару мен жаңғыру жолында біз де өз үлесімізді қосып, жаңа медиа контент жасағымыз келді. Сондықтан QAZ365.KZ ақпаратық порталын аштық. Ұжым кілең жастардан жасақталған. "BBC" деген әлемдік телевидение бар. Соның кіреберісінде «Біздің медианың деңгейі жоғары ойлайтын адамдар үшін» деп жазылған. Ендеше, біз де озық ойлы оқырмандардың санын көбейтуге атсалысуымыз керек. Өйткені, журналистика – халықтық мүддеге қызмет ететін қоғамның қозғаушы күші, - деді Бауыржан Карипов.

Кеш барысында мәдениет қайраткерлері, қаламгерлер жаңадан ашылған интернет-басылымның ұжымына ақ жол тіледі.

- Бәсекесі биік медианарықта қоғамдық маңызы бар танымал сайтқа айналсын деп тілейміз. Өзегіне әлдекемдердің мүддесі жасырылған пасық пропагандадан аулақ болып, шындықты ғана шырағдан еткен ұстанымы мықты, оқиғаны әділ бағалай  алатын салмақты сараптамаларымен ел назарын аудара берсін, - деді «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айгүл Аханбайқызы.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы