ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА АССАМБЛЕЯНЫҢ ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 19.12.2022
Оқылды: 2788
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қонаевта Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті. Жиынды Алматы облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Марат Сұлтанғазиев ашып, биылғы жылдың 15 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» бекітілгенін атап өтті.

- Тұжырымдама аясында жаңа міндеттер айқындалды. Мемлекеттік саясат пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда қазақстандық патриотизм, азаматтық теңдік, мемлекеттік тіл аясында топтасу сынды мақсаттар қойылды. Осыған байланысты Алматы облысының ішкі саясат басқармасына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған өңірлік жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

Ассамблеяның жұмысын жаңаша үйлестіретін уақыт жетті. Осы орайда Ассамблея қоғамдық мәселелерді шешіп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, тіл үйрету бағытында жұмыс істеу қажет. Көп тіл білу көптеген мүмкіндікке жол ашады.

Бүгінде облыстық Ассамблеяның активі 20 мың адамды құрайды. 34 этномәдени бірлестік, 147 аналар кеңесі, 25 қоғамдық медиатор жұмыс істейді. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметін күшейту үшін алты ауданға 30 штат бірлігі бөлінді. Ассамблея мүшелері бірлік пен татулықтың арқасында талай белесті бағындырып келеді. Ассамблея елімізде өткен Референдум, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы сынды жауапты науқанда белсене қызмет етті. Сол үшін оларға алғыс айтамын, – деді облыс әкімі.

Марат Елеусізұлы облыстық Ассамблеяның биылғы жұмысын қорытындылап, келер жылдың кеңес құрамын бекітті. Кеңес мүшелері өз пікірілерін білдіріп, облыстық татар-башқұрт қауымдастығының төрағасы Ильдар Юлдабаевты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Амангелді Беспаевты ақсақалдар кеңесінің төрағалығына, Гүлнар Жошыбаеваны аналар кеңесінің төрайымы қызметіне, Гүлжан Қызайбайды жетекші журналистер клубының төрайымы болуға ұсынды. Комиссия мүшелері бірауыздан қолдау білдірді.

Жиын соңында үздік қызмет атқарған Ассамблея мүшелері мен «Қайырымдылық керуені» акциясына үлес қосушы кәсіпкерлер марапатталды. Іле аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мейрамгүл Жабиева ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жомарт жан» төсбелгісін иеленді.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Абилова, "Элефтерия" Алматы облысы гректер қоғамының төрағасы Наталья Тифанциди, Еңбекшіқазақ аудандық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Надо Надыров сөз алып, Ассамблеяның ұлтаралық татулықты сақтаудағы маңызы мен алдағы міндеттері жайлы айтып өтті.

Алма ЕСЕНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы