АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА СТРАТЕГИЯСЫ БЕКІТІЛДІ - МӘСЛИХАТ

Уақыты: 21.12.2022
Оқылды: 3119
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының қоғамдық кеңесі мен облыстық мәслихаттың бірлескен отырысында мәслихаттың кезектен тыс ХХХII сессиясы өтті. Онда облыстың 2030 жылға дейін даму стратегиясын бекіту туралы мәселе қаралды.

Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ескелді Қасымов қатысқан жиынға облыстық мәслихаттың депутаты, экономика, бюджет, құқық тәртібі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттік және этика мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы Ерік Абитов төрағалық етті.    

Аталған тақырыпқа орай облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ораз Асыланның баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, Алматы облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы әзірленген. Стратегия 2 кезеңде: 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 5 негізгі стратегиялық бағытты айқындайды. Олар теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, адамдар үшін қол жетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру және экономикалық өсу.

Бірінші бағыт – «теңгерімді аумақтық даму» – олардың мамандануы мен қолда бар әлеуетін ескере отырып, өсу нүктелері қалыптастырылатын болады.

Мәселен, Іле, талғар, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында «Береке», «Қайрат», «Шелек», «Қазбекбек» сияқты 4 индустриялық аймақ құрылуда. Болашақта олардың аумағында 10 мыңнан аса жұмыс орнын құра отырып, 200-ге жуық кәсіпорынды құруға орналастыруға болады. Бұл өз кезегінде маятниктік көші-қонды азайтуға мүмкіндік бермек.

Екінші бағыт – «адами капиталдың сапасын арттыру» – агломерация аймағында орналасқан мектептерде үш ауысымды оқытуды жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023–2025 жылдары 68200 орынды 63 мектеп салу жоспарлануда. Сонымен бірге, облыс орталығында дарынды балаларға арналған мектеп-лицейлер, жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары ашылмақ.

Үшінші бағыт –  «адамдар үшін қолжетімді инфрақұрылым» – 2030 жылға дейін 2 мың шақырымнан аса электр, газ және жылумен жабдықтау желілерін, 1,8 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай топтық су құбырларын салу жоспарлануда.

2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық грант беріледі және 5 мыңға жуық адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқудан өтпек. Бұдан басқа, бюджеттен жалақыны ұлғайту бойынша міндеттемелер орындалатын болады.

«Тұрақты экономикалық өсу» бағытында экономика өсуінің негізгі драйверлері өңдеуші сектор, агроөнеркәсіптік кешені, көлік және логистика, туризм болады. Ол үшін инвесторлармен проактивті жұмысты, инвесторларды тартуға және сүйемелдеуге байланысты консалтингтік қызметтердің толық кешенін көрсететін өңірлік фронт-офисті одан әрі дамытуды көздейтін өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық салаларына баса назар аудара отырып, өңірлік инвестициялық бағдарлама әзірленбек.

Жалпы, Алматы облысының даму стратегиясын іске асыру 2030 жылға қарай экономиканың 1,5 есе өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оның ішінде тауарлар өндірісі – 2,6 есе, қызметтер өндірісі – 3,3 есе болады. Сондай-ақ, жалпы ішкі өңірлік өнімнің жыл сайынғы өсімі кемінде 5 пайызды құрайды деп күтілуде. 2025 жылға қарай қажетті инвестициялардың болжамды сомасы 2,8 трлн.теңгені құрайды. Барлық стратегиялық бағыттар мен инвестициялық жобалар бойынша іс-шараларды іске асыру аясында 65 мың жаңа жұмыс орны ашылып, оның ішінде 17 мың жұмыс орны шағын және орта бизнес саласына тиесілі.

2030 жылға қарай облыс халқының саны 1 млн.736 мың адамды құраса, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетпек. Орташа табыс 2 есеге өсіп, 225 мың теңге болады. Еңбек өнімділігі 9 мың доллардан 18 мың долларға дейін 1,5 есеге өседі. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендейді. NEET жастарының үлесі 2 есе – 7,4 пайыздан 3,7 пайызға дейін азаймақ. 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы Алматы облысының экономикасын одан әрі тиімді дамытудың бағдары болады және жайлы өмір сүруді қамтамасыз ете отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы,

Алматы облысы