ЖЕКЕ КУӘЛІКТІ БІР КҮНДЕ РӘСІМДЕЙТІН ТЕРМИНАЛ ШЫҚТЫ

Уақыты: 03.03.2023
Оқылды: 1537
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ендігі жерде Қазақстанда жеке куәлік немесе төлқұжатты бір күнде рәсімдеуге болады. Мұндай мүмкіндік жаңа терминал арқылы іске асады. 

Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті.

"Кезек күтуге, содан кейін көші-қон қызметінің қызметкерінен тіркеуден өтіп, суретке түсіп, төлем жасау үшін кассаға бөлек жүгіруге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Құжаттау терминалы бәрін бір жерде жасауға мүмкіндік береді, сонымен қатар әрбір адам құжат үшін сәтті түскен суретін өз бетінше таңдай алады. Процесс 10 минут уақыттан аспайды", - деп жазды министр.

Бір ескеретін жағдай, қателіктер мен түсініспеушіліктерді болдырмау үшін өтініш берушіге көші-қон қызметінің жауапты маманына жүгіну қажет болады. Себебі, ол өтініштің, суреттің және қолтаңбаның талапқа сәйкестігін тексереді.

"Әзірге мұндай терминал тек Астана қаласында Керей мен Жәнібек хандар көшесінің 4/1 үйінде орналасқан ХҚКО-да орнатылған. Алдағы уақытта осы жобаны барлық өңірлерде іске асыру жоспарланып отыр", - деді Бағдат Мусин.

 

 

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ