БӘРЕКЕЛДІ! АЛАКӨЛГЕ ЕНДІ "ТАЛЬГО" ЖҮРЕДІ

Уақыты: 09.03.2023
Оқылды: 985
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қалтаның "жеңілдігі" мен жолдың басқаша рахатын сезіну үшін теміржол бағытын таңдайтын туристер енді Айдынды Алакөлге көптен ағылмақ. «Астана-Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылмақ. 

Нақтырақ айтқанда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Ж.Тайжанов «Астана-Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызының іске қосылатынын мәлім етті.

Белгілі болғандай, Алматы қаласынан, Шығыс Қазақстан мен Абай облысынан Алакөл бағытында 11 маршрут қызметін жалғастырады.

Өткен жылы темір жол көлігімен Алакөл жағалауына 243 мың жолаушы жеткізілді. Биыл жолаушыларға арналған орын саны 6%-ға артып, 276 мыңға жетеді деп жоспарлануда.

Ескеретін жайт, Туроператорлар үшін коммерциялық пойыз билеттерін ерте брондау тәртібі бар – пойыз жөнелтілгенге дейін 180 күн бұрын.

Сонымен қатар, Ж.Тайжанов Шымкент, Павлодар, Өскемен, Қызылорда қалаларынан Алакөл бағытында интермодальдық тасымалдауды іске қосу мәселесін әкімдіктермен, әуе және көлік тасымалдаушыларымен бірлесіп қарастыру үстінде екенін жеткізді.

 

Фото: ашық дереккөзден

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ