Жасанды әдемілік керек пе?

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 313
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде қыз-келіншектердің көбі әдемі болып жүруді қалайды. Кейбіреулері тіпті,  табиғи жаратылысына көңілі толмай, одан сайын сұлулануды арман етеді. Сол себепті олар косметолог мамандардың көмегіне жүгініп, бет-әлпеттерін мүмкіндігінше өзгертуге тырысады. Әрине, мұның бәрі біраз қаражатты керек етеді.

Сөйтіп, өзі қалағандай беттегі әжімдерді тарттырып, көз бен қасты боятады, жасанды кірпік жалғап, өзіне ұнайтындай мұрын жасатады, еріндерін үлкейтіп, мүмкіндігінше өзгеруге тырысады. Ал оның денсаулыққа қалай әсер ететініне бас қатыратындары некен-саяқ. Жақында ойламаған жерден таныс келіншекті кездестіріп, түрінен бір өзгерісті байқадым. Шынымды айтайын, көзі бұрынғысындай емес, кіртиіп қалған, кәдімгі сырқаттанып қалған адам секілді болып көрінді. Себебін сұрастыра келе  көзін үлкейту үшін шағын ота жасатып, қабағындағы майды алдырып тастағанын білдім. Әрине, оған біраз қаражат жұмсалған. 

Ал косметолог мамандар қазір әжімді кетіру үшін ботоксқа жүгінетіндер қатарының көбейгенін айтады. Ботоксты емдік мақсатта қолданатындар да кездеседі. Оны көбіне денсаулығында кінараты бар жандар жасатады. Ал имамдар әйел адамның табиғи әдемілігін өзгеріске ұшырататын дүниелер шариғатқа қарсы келеді деп санайды. Ол туралы құранда да жазылыпты. Бірақ, адам бойындағы кемшіліктерді жоятын әрекеттерге шариғат рұқсат береді. 

Ботоксты негізінен әжімдерді тегістеу үшін пайдаланады. Ол бұлшық етке еніп, теріні қатырып тұрады, сол сәтте әжім тегіс күйге енеді де, тиісінше, одан құтылуға мүмкіндік береді.

Маржан есімді келіншек косметологиялық қызмет түрлеріне 40 жасқа толған соң жүгіне бастаған. Сөзіне қарағанда, 35-40 жастан асқан қыз-келіншектердің бетіне әжім түсе бастайды. Сөйтіп, жастық шақтың әдемілігі алыстайды. Сол себепті ол беттегі әжімді тартатын иненің көмегіне жүгінген. 

«Ботоксті жылына 2 рет жасатамын. Оның пайдасы болмаса, ешбір зиянын көрген емеспін. Жақсы жағы көп. Маңдай мен көз айналасындағы қатпарларды сейілтіп, әжімдерімді бір мезетте кетіреді», – дейді ол. 

Ал Мағжан есімді азамат мұндай қадамға сәндік үшін емес, амалдың жоқтығынан барғанын айтады. Ол спортпен айналысады. Бірде мұрнын сындырып алып, оны қайта қалпына келтіруге еш емнің пайдасы тимепті. Сөйтіп, косметолог мамандардың көмегіне жүгініп, пластикалық ота жасатқан. Нәтижесі жаман емес, көңілінен шығып, мұрнын орнына келтірген. 

Мамандардың пікірінше, ботокс ағзаға зиян, жүйке жүйесі мен мимиканы бұзады және тәуелділікті тудырады. Адамдардың ағзасы әртүрлі болғандықтан біреу ботоксты жақсы қабылдайды, екіншісінің оған қарсы аллергиясы болуы мүмкін. Жас ұлғайған сайын беттегі бұлшық еттер әлсірейді. Сәйкесінше, ботулинотерапияның мөлшері азаяды. Десе де, ол адамның өмір сүру дағдысына, ағзаның зат алмасуына тікелей байланысты. Сондықтан, мүмкіндігінше салауатты өмір салтын қалыптастырып, ботокссіз әдемі қартайғанға не жетсін?!

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Фото: thevoicemag.ru