Халық саулығының кепілі

Уақыты: 27.06.2024
Оқылды: 289
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Малы саудың – жаны сау». Бұл қағиданы мал бағуды негізгі кәсіп көзі еткен халқымыз басты ұстанымына айналдырған. Жаны жомарт қазақ «ежелден мал жаның аман ба?» деп хал сұрасады. Ал сол малдың саулығын қадағалайтын бірден-бір сала – ветеринария. Бұл – ауыл шаруашылығының маңызды саласы.

Ветеринария  мал ауруларының алдын алу, оларды емдеу, мал дәрігерлік сараптау және тексеру арқылы санитарлық тұрғыдан таза мал өнімдерін өндіру нәтижесінде, адамзатты мал арқылы жұғатын аурулардан сақтандырады. Осы бағытта облыстық ветеринариялық зертханасы малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек етіп келеді. Өңірлік зертханаға қарасты 8 аудандық және бір облыстық зертхана жұмыс істейді. «Ауру – астан» дегендей, адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сондықтан әр қызметкер осы үдеден шығу үшін барлық білімі мен біліктілігін жұмсап, нәтижелі қызмет атқарып келеді. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіби мерекелердің тізімін кеңейтті. Олардың қатарында 10 шілдеде атап өтетін Ветеринариялық қызметкер күні бар. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық болғаны рас. Кәсіби мереке қарсаңында саланың дамуына, қауіпті ауру түрлерінің тарамауына, мал өнімдерінің таза болуына, азық-түлік қауіпсіздігіне күнделікті үлес қосып жүрген диагностика бөлімінің меңгерушісі Ерлан Жекпелдинов, ақпарат және сынама қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бақыт Бұлымбаева, азық-түлік қауіпсіздігі бөлімі меңгерушісі Айгүл Кобаева, білікті мамандар Маржан Майтамбекова, Жанар Байғазинова, Сандуғаш Нүсіпбекова, лаборант Күләш Демеуова және Айгүл Алиновалардың еңбектері ерекше атап өтуге тұрарлық.

К. Скрябиннің: «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді», деген пайымдауымен қорытындылағым келеді. Осы қанатты сөзді ветеринария саласына көрсетілген құрмет пен берілген ең жоғары бағалау деп есептейміз.

Жәнібек ТАСЫБАЕВ,
облыстық ветеринариялық ертхананың директоры

Фото: vestnikapk.ru