Зейнептің жеңісі

Уақыты: 27.06.2024
Оқылды: 311
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Киокушинкай каратэ нағыз жүректілікті, жинақылық пен шынайылықты көрсететін спорт түрі. Мұнымен кез келген адам айналысып кете алмайды. Ал текелілік Зейнеп Асхат киокушинкай каратэнің нағыз шебері екенін дәлелдеп келеді.

Нәзік жандылар үшін киокушинкай өте ауыр спорт екені ақиқат. Соққыны дарытудың, оны қабылдаудың қиынға түсетінін даянға шыққандар жақсы біледі. Зейнептің каратэмен айналысып жүргеніне 7 жылдан асқан. Ол осы аралықта талай белесті бағындырып, жерлестерінің мақтанышына айналып отыр. Жас таланттан не үшін бұл жолды таңдағанын, жан қалауының несімен ерекше екенін сұрап көрдік.

– Мені осы спортқа ең алғаш анам алып келді. Маған мұнда жаттықтырушының қойған талабы, түсіндіру тәсілі ұнады. Содан барып түбегейлі каратэмен айналысам деп шештім. Киокушинкайда спортшының ең бірінші ұпай жинауы маңызды. Мәселен, өзге спорт түрлерінде соққы тисе болды ұпай беріледі. Ал киокушинкайда соққының дөп тюімен қатар бата тигендігіне көп мән беріледі, жай ғана соққыға ұпай берілмейді. Мұнда нокдаун бұл жарты ұпай, ал нокаут бүтін бір ұпай болып есептеледі. Бір ұпай алған адам жеңген болып саналады, – дейді ол.

8-сынып оқушысы қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жаруымен қатар Азия чемпионы атанып та үлгерген. Оның  ҚР Спорт шеберіне үміткер, ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері деген атағы бар. 

– Киокушинкай қайсар мінезге, жігерлі болуға тәрбиелейді. Спортта сен соққы алсаң да тоқтамай күресуің қажет. Қандай істе болмасын тәртіп болса болды, оң нәтижеге қол жеткізу қиын емес деп санаймын. Менің қатарластарымның көбі бұл күні каратэмен шұғылданады, – дейді жас спортшы Зейнеп Асхат.

Киокушинкай каратэ олимпиадалық спорт түрі болмаса да қазақ жерінде кеңінен таралып келеді. Зейнеп сынды талай қаракөздер осы спортты жанына серік еткен. Біз еліміздің келешегі жастардың саламатты өмір салтын ұстанатынына дән ризамыз.

Медет ЖҰМАБАЙ