Домбырам жан серігім

Уақыты: 27.06.2024
Оқылды: 366
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әкем өзге ұлт өкілі болса да өзімді қазақ санаймын. Қазақша ойлаймын, қазақша ой қорытамын. Ең бастысы, домбыраға жаным жақын. Күмбірлеген үнін естісем тұла бойымды күй кернейді. Ен даланың тыныштығы, жылқының дүбірі, адам дауысы мен қаздың қаңқылын екі ішек қалай айнытпай беретініне қайранмын.

Тегімде домбыра тартқан ешкімді естімеппін, білмейді де екенмін. Атам Рауфтың осы аспапты өз қолымен жасайтынын көзім көрді. Содан шығар, бәлки, мендегі домбыраға деген құмарлық. Дегенмен, ол күй тарта алмайды ғой деп, тағы ойға қаламын.

«Күй» деген қазақ үшін қадірлі, қажет етсе қасиетті ұғым.  Сол қасиетті бұлақтан тек өресі биіктер ғана еңкейіп сусындай алатынын аңғарамын.

Домбыра үйренуде өз үлестерін қосқан ұстаздарыма деген алғысым айрықша. Қай уақытта да қолдау көрсетіп, қателігімді дұрыстап жүреді. Қандай істе болсын білім беріп, демейтін жан болмаса сол істің нәтижесі дұрыс болмайтынына көзім жетеді. Қанатымды қатайтып, бел-белестен төбе көрсетіп жүргенім мұғалімдерімнің еңбегі. Ол кісілердің ақыл-кеңесін тыңдағандықтан Астана қаласында өткен республикалық «Бала жұлдызы» байқауында 1-орын алдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Қазіргі уақытта облыстық «Жетісу жұлдыздары» байқауына қатысудамын.

Аз уақыт ішінде «Жұмыр қылыш», «Балбырауын», «Адай» сынды тағы басқа 10 шақты күйді меңгердім. Осының бәрін үйренуге көп уақытымды сарп еттім. Сүйіп істеген істің нәтижесі қай кезде де жақсы болатыны анық. Мен сондықтан да күйді дос, домбыраны жаныма серік еттім.

Бекзат МҰХИТ,
оқушы