Ақсу қант зауыты өндіріс көлемін ұлғайтпақ

Уақыты: 28.06.2024
Оқылды: 446
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысына қарасты Ақсу аудандық қант зауыты қондырғыларын жаңалап өндіріс көлемін ұлғайта түспек.

Мәселен, өткен жылы кәсіпорында 120 мың тоннадан астам қант қызылшасы өңделсе, биылғы жылы 250 мың тонна тәтті түбір қабылданып шығатын өнім көрсеткіші екі еселенбек. Осыған байланысты қазір зауыттың құрылғылары тегіс тазаланып, кейбірін заман талабына сай жаңа жабықтармен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аймақтағы І. Жансүгіров атындағы ауылда орналасқан Ақсу қант зауытының ірге тасы 1967 жылы қаланған. Жарты ғасырдан астам жұмыс тәжірибесі бар бұл зауыт кезінде Қазақстандағы қант өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі болған. Кешегі тоқырау жылдарында жұмысы тұралап, 10 жылдан астам уақыт қаңтарылып тұрған зауыт осыдан біраз жыл бұрынғы облыс әкімдігі мен «Жетісу» ӘКК "РИР"АҚ-ның қолға алуында қайта жанданған. Сонымен 2017 жылдың 25 қыркүйегінде кәсіпорын ресми қант қызылшасын қабылдап, сол жылдың қараша айында қант өндіре бастаған.

Кәсіпорынның бас инженері Бейбіт Тұрарбайұлының сөзінше, Ақсу қант зауытына жыл сайын тұрақты түрде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Осы барыста біраз жабдықтар ауыстырылып автоматтандырылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Қазір мамандар ондағы қондырғыларды тазалап, жаңаларын орнату ісімен харбалас. Себебі, зауыт алдағы уақытта шаруалардың күзгі өнімін қабылдап, жылдық жоспарға сай қант шығаруға сақадай сай болуы шарт. Қазіргі атқарылып жатқан бұл жұмыстар кәсіпорындағы өндірістік қуаттылықты еселеуге және шығарылатын қанттың сапасын арттыруға мол мүмкіндік берді.

– «Зауытта тәулігіне 3 мың тонна қызылша кесіледі. Демек бұл 300-350 тоннаға дейін қант шығаруға қауқарлы деген сөз. Қазір қойма да 4 мың тоннадай қант, 3 мың тоннаға жуық жартылай өңделген өнім бар. Ал, биылғы жылы 250 мың тонна қант қызылшасын қабылдау жоспарда. Бұл Кеңес үкіметінің тұсындағы зауыттың жылдық өнім қабылдау көрсеткішімен деңгейлес. Қазір мұндағы өндірістің бір маусымдық қуаттылығы 450 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 65 мың тонна қант шығару болса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш бұдан да артады деп күтілуде. Кәсіпорындағы жұмысшылар саны өңдеу кезеңінде 600 адамға дейін жетеді. Орташа жалақы мөлшері 150 мың теңге айналассында», –дейді «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Асылан Бақытжанұлы.

Облыс әкімдігінің таратқан мәліметінше, бүгінгі таңда Жетісу облысында Ақсудан басқа Көксу қант зауыты жұмыс істейді. Осыған сәйкес аймақта қант қызылшасын өсірумен айналысатын 460-тан астам шаруа қожалығы тіргелген. 2024 жылы облыста екі қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында қант қызылшасы егілген жер көлемі 12600 гектарға көбейтілген. 2026 жылға қарай егістік алқаптарын 15 мың га дейін жеткізілмек. Бұл өңірдегі қант зауттарының еш кедергісіз жұмыс жасап, өнімдерін еселеп, өндіріс көлемін ұлғайтуға тың серпін береді.

                                                                  Айдын КӘЛІМХАН