Талдықорғанда көрікті аулалар көбеюде

Уақыты: 04.07.2024
Оқылды: 382
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде Талдықорған қаласында әкімдік тарапынан көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларан абаттандыру, қасбеттерін қалыпқа келтіру сынды жұмыстар жүргізіліп жатса, шаһар тұрғындары тазалыққа баса мән беріп гүл өсіріп қала көркіне көрік қосатын игі істерге белсене ат салысуда.

Жауаптыларддың сөзінше, қазіргі кезде облыс орталығында «Үлгілі аула» атағына ие бірнеше көпқабатты тұрғын үй ауласы бар.

Солардың бірі – Самал шағын ауданындағы №11 үйінің ауласы. Аталған тұрғын үй аумағын гүлдендіру үшін ерінбей еңбектеніп жүрген Ольга Серебренникова есімді зейнеткер. Жасы 70-ке келген еңбекқор әжей  11 жылдан бері тұрғын үйдің ауласын абаттандырып, 60-тан астам гүлдің түрі мен жеміс ағаштарын егіп, аумақты әсем баққа айналдырған. Сонымен қатар, Ләззат Асанова көшесі №69 көпқабатты тұрғын үйдің ауласының да көркі көз тартарлық. Ол ауланы көркейтуге Татьяна Ибрагимова есімді түрғын 15 жылдан бері күш салып келеді. Жалпы алаңы 50 сотықты құрайтын аумақта  қазір гүлдің сан алуан түрі мен жеміс ағаштары жайқалып өсуде.

 – «Осыған сәйкес биылғы жылы, облыс орталығы Талдықорғанда арнайы «Үлгілі аула» байқауы өткізілмек. Байқаудың басты мақсаты – қаланың кескін келбетінің көркем әрі таза, аулалардың жинақы болуын кеңінен насихаттау. Сондай-ақ, аулалардың тазалығын сақтап, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру», - дейді мамандар.

Ал, қалалық тұрғын үй бөлімінің мәліметіше, бүгінде Жетісу облысының орталығында 800-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Негізінде оларды күтіп ұстау тұрғындардың өз міндеті. Соған қарамастан қаланы көріктендіре түсу үшін өткен жылы қазынадан бөлінген қаражатққа сай 10 үйдің қасбетін қалыпқа келтіру бекітілген. Қазір қаладағы 5 үйдің сыртын әшекейлеу жұмыстары қолға алынса, жыл соңына дейін тағы 5 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 

                                                                  Айдын КӘЛІМХАН