Жазасын өтеген жандар үшін жаңа мүмкіндік

Уақыты: 04.07.2024
Оқылды: 370
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында «QOLDAU» әлеуметтік жобасы бастау алды. Бұл жоба бас бостандығынан айырылған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған.

Жоба жоспарлары мен жасалатын жұмыстары туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде Талдықорған қалалық пробация бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Айжан Сарсенова мен жоба менеджері Айдос Құлатай баяндады. 

«QOLDAU» жобасы «Жас Ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің басым бағыттарының бірі. Жоба мақсаты – есепте тұрған бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдардың әлеуметтендіру, кәсіптік білім деңгейін көтеру, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу және заңгерлік, психологиялық қолдау қызметтерін үйлестіру болып табылады. 

«Қылмыстың қайталану фактісін болдыртпау мақсатында жыл басынан есепте тұрған азаматтардың қатысуымен 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде 37 азамат жұмыспен қамтылып, олардың 16 квота бойынша қызметке орналасты. Алдағы уақытта пробация бөлімі «QOLDAU» әлеуметтік жобасы аясында қоғамдық ұйыммен тығыз байланыс орнатып, бас бостандығынан айырылған азаматтарға қолдау жұмысын жалғастырады», - дейді әділет аға лейтенанты Айжан Сарсенова. 

Жоба үйлестірушісінің айтуынша, уәкілетті органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың кемінде 30 өкілінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Жұмыстандыру жәрмеңкелері барысында кемінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

"Жетісу-Ақпарат"