Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топ білім беру саласына 4,3 миллиард теңге залал келтірген

Уақыты: 15.07.2024
Оқылды: 383
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, 2024 жылы елімізде жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 49 фактісі анықталып, 212 адам әшкереленді.

Мәселен агенттік, Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет төрағасына, Шымкент қаласы мен Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшыларына қатысты тергеуді аяқтады. Олар бизнес өкілінен жалпы сомасы 40 миллион теңгеден астам жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді.

Тергеу соты күдікті адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық әрекеті тоқтатылды.

Павлодар облысында "Ертіс Орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылып отыр.

Шарбақты ауданының аумағында "Ертіс Орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында орман ағашын заңсыз сату арқылы шамамен 153 миллион теңге шығын келтірген. 

Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары соттың санкциясымен қамауға алынды. Осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын "Семей Орманы" басшылығы сотталған еді. Аталған қылмыстардың жасалу себептерін талдау көрсеткендей, тұрақты жемқорлық схемалары жолын кесу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажет. Агенттік бейінді министрліктің атына тиісті ұсыныс жолдады.

Түркістан облысында білім беру саласында жемқорлық әрекеттері үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Шардара ауданының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған бюджет қаражатын жымқыру мақсатында қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

12 адамнан тұратын тұрақты қылмыстық топ білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы 2020-2023 жылдар аралығында жүйелі негізде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. 

Қылмыстық әрекет нәтижесінде мемлекетке 3,7 миллиард теңге көлемінде залал келтірілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. 

Жетісу облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаражатын жымқыру мақсатында оған қатысу фактісі бойынша Талдықорған қаласының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуді аяқтады.

Ұйымдасқан қылмыстық топ 2020 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың наурыз айы аралығында Талдықорған қаласының аумағында 13 адамнан тұратын топ құқыққа қарсы іс-әрекеттермен айналысқан.

Олар жүйелі түрде білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырған. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 4,3 миллиард теңге көлемінде залал келтірілді.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Сонымен қатар, 460-тан астам автокөлікті заңсыз есепке қоюмен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне – елордалық МамандандырылғанХалыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкім шығарылды.

Мемлекетке келтірген жалпы шығын 1,2 миллиард теңге.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Фото: stan.kz