Өзен бойы тазартылды

Уақыты: 15.07.2024
Оқылды: 378
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаз мезгілінде тұрғындар қала маңындағы өзен бойларына демалуға жиі барады.  Оның бірқатары қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігімен тамақ қалдықтарын, даланы ластайтын заттарын өзімен бірге ала кетіп белгіленген қоқыс тастайтын орындарға апарса, енді біреулер бейберекет шашып кетеді. Соның салдарынан өзен бойлары қаптаған қалта, қағаз қиқымдары мен ретсіз шашылған бөтелкеге толып қалып, көрер көзге жайсыздық тудырады.

Осы бір келеңсіздікті ескергеп облыстық жастар басқармасының белсенді азаматтары мен жастардан ұйымдасқан үкіметтік емес ұйым өкілдері өзен бойларын жиі тазалап, ортаның көркемдігін сақтау үшін еңбектеніп келеді. Өткен сенбі күні осындай бір игілікті шара қала маңындағы Балықты өзенінің бойында өтті.

– Аймақ жастары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында қолға алынған сенбіліктерге белсенді қатысып келеді. Соның ішінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза бейсенбі», жаңа үлгідегі «Экопресс» шараларын ұйымдастырып, өнеге көрсетуде. Айта кетерлігі, аталған акциялар аясында жиналған тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, оны өңдейтін мекемелерге өткізіп, түскен қаржыға «Айналайын» балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге керекті заттар әпердік. Ал 9 – 14 шілде аралығында өткен «Еліміздегі игі істер марафоны» аясындағы экологиялық акцияда белсенділік таныттық, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев.

Бұл күнгі акцияға жетісудың белсенді жастары, соның ішінде Қазақстан студенттер альянсы, «Лидер.кз» еріктілер ұйымы, «Жасыл ел» еңбек жасақтарынан 50-ден аса жас тазалық жұмысын жүргізді. Олар өзен бойын қоқыстан тазалап, су ағарларының тосылып қалған көздерін ашып, қураған ағаштарды отап, бейберекет тасталған ағаш, бөтелге, қағаздарды жинап, оны сұрыптап өңдеу орындарына жіберді. Осыдан түскен қаржыны да аймақтағы балалар үйіне көмекке бермек.

Қажет Андас