Тарихқа қосылған үлес

Уақыты: 16.07.2024
Оқылды: 387
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Тарих. Тұлға. Архив» атты жеке тектік қор иелері және әлеуетті қор құрушыларға арналған «дөңгелек үстел» өтті. Шараға республиканың, облыстың дамуына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдері, тектік қор иелері және әлеуетті қор құрушылар,  мемлекеттік архивтің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында еліміздің, өңіріміздің өркендеуі үшін елеулі еңбек етіп жүрген жетісулық қоғам қайраткерлері, мәдениет, өнер саласының майталмандары Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, композитор, дирижер, жеке тектік қор иесі Әли Алпысбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, журналист, Алматы облысының және Қаратал ауданының Құрметті азаматы Әміре Әрін, айтыс саласының ақтаңгері Айтақын Бұлғақов, ардагер журналист Болат Бисұлтанов, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, ақын Төлеужан Ғұмаров  ойларымен бөлісіп, архив қызметін өркендету жайлы ұсыныстарын тілге тиек етті. Ал Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова жеке тектік қорлар бойынша ғылыми зерттеу жұмысын жүргізудің маңыздылығы мен әдістемесі және оның ел мен жер тарихында алатын орны жайлы кеңінен тоқталып, көпшілікке бейтаныс деректер мен тағылымды дүниелерді дәйекпен жеткізді. 

Облыстық архивтің бөлім басшысы Кенже Қанапиянова жеке тектік қор құруға қатысты баяндама оқып, жеке тектік қор ашудың жолдары мен талаптарын түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстық архив мекемелерінде республиканың, Жетісу облысына қарасты аудан-қалалардың дамуына зор үлес қосқан жеке тұлғалардың 86  (2 215 іс)  жеке қоры сақталуда. Жеке тектік құжаттарды зерттеу, танымал тұлғалардың өмірі мен қызметіндегі тарихи факторларды зерделеу зиялы қауым өкілдерінің қалыптасуына, ғылымның дамуына үлес қосады. Өйткені, архивтерде сақталған әрбір құжат – тарих айнасы. Сондай-ақ, мемлекеттік архивке сақтауға алынған құжаттарды архив қызметкерлері ұқыптылықпен сақтап, пайдаланушыларға ұсынады. 

Сол қатарда тектік қор иесі, өлкетанушы-журналист Қажет Андас «Андас әулетінің отбасылық жеке тектік қоры» туралы таныстырылым жасады. Оның айтуынша, отбасылық қорда 56 іс, мыңнан аса құжат жинақталған. Онда 1919-2022 жылдар аралығындағы  шағатай, төте жазумен жазылған құнды қолжазбалар мен фотосуреттер және карталар, сондай-ақ, Андас отбасы мүшелерінің құжаттары, еңбек жолындағы жетістіктері, кітаптары толық жинақталған. Сонымен бірге Қытайдағы қазақтарға қатысты тың деректерді де осы қордан табуға болады. Бүгінге дейін отбасылық қордағы қолжазбалар негізінде айтыс және жазба ақын, тарихшы Андас Омарақынның «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш кітабы құрастырылып, жарық көрсе, биыл 3 кітапты дайындап, баспаға ұсынды. Өткен жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобы аталған отбасылық қордағы құжаттар бойынша Қытай асып, қаза болған, аты аталмай жүрген бірқатар Алаш зиялыларының дерегін анықтап, Жетісу облысы бойынша дайындалған жинақтарға енгізді. 

Шара соңында Жетісу облысының мемлекеттік архивінің директоры Гүлжиһан Рустембекова қонақтарға алғысын жеткізіп, келушілер назарына ұсынылған көрме мен архив қоймаларын таныстырды.

"Жетісу-Ақпарат"