Текелідегі туризм теміржолмен жанданбақ

Уақыты: 16.07.2024
Оқылды: 328
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ойлаңызшы, Талдықорғаннан Текеліге электр пойызы қатынайды. Іші ығы-жығы турист. Мынау тұрған жерге пойыз желісін қосу қай сасқандық? Олай дей көрмеңіз, әлемде шойын жолды туристерге ғана арнап табыс тауып отырған елдер бар. Мәселен, шотландиялық «Belmond Royal Scotsman» пойызы тек туристерді тасиды. Вагондары соған лайықталған. Меймандар тау мен тасты, ескі қорғандарды, көне лашықты ауылдарды аралайды.

Дәл мұндай болмағанмен Талдықорған – Текелі бағытында шағын пойыз жүріп тұрса, табиғаты Швейцариядан кем емес Жетісудың тауларын туристер көзбен көрсе, ғажап емес пе? Әрине! Бірақ бұл жоба айтылғанмен қашан жүзеге аспақ? Мұны ЖСДП партиясы мықтап қолға алып отыр. Тек инвестор тапса, жүзеге асады. Дәл осындай етжеңді бастамаларын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова Жетісу өңіріне сапары барысындағы жергілікті мәслихат депутаттары мен тұрғындарымен кездесуінде баян етті. 

Облысқа табан тіреген халық қалаулысы бірнеше аудан мен Текелі қаласында сайлаушылармен кездесіп, түйткілді мәселелеріне құлақ түріпті. Әуелі Кербұлақ ауданы, Сарыөзек елді мекеніне барған депутат Ажар Сағандықова тұрғындармен кездесуде ауыз судың күйіп тұрған мәселе екеніне тоқталды. Желілерге қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанмен қаржыландыру төңірегінде кемшін жайлар барына көз жеткізіпті. Жергілікті әкімдік 2026 жылға дейін әрбір тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізетінін айтыпты. Сарыөзек маңында жүк пойыздарының жиі тұратынына, жалғыз шойын жолдың жүк тасымалына біршама кедергісі барына көз жеткізіпті. Оның да шешу жолын Мәжіліс мінберінде көтермекші екен.

 – Көксу ауданына барғанымызда Көксу стансысына атбасын бұрып, техникалық колледжге табан тіредік. Оқу орнының оңтайлы дамып келе жатқанын, басшылық пен оқытушылық құрам мамандарды дайындау бойынша қажетті жұмыстарды атқарғанын көрдік. Алайда әдістемелік базаны жаңарту керек, ал ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Тіпті жаңа ғимараттар салу жағын да қарастырған жөн. Мұнда болашақ ауылшаруашылығы қызметкерлері мен су шаруашылығы мамандары оқытылады. Алайда колледжде тәжірибе алаңы жоқ. Маман даярлауда білімді тәжірибемен ұштастыру заман талабы, – деді халық қалаулысы.

Кездесу барысында депутат өңір тұрғындарын Алматы – Талдықорған – Текелі бағытындағы жолаушылар ағыны мәселесі алаңдатып отырғанын сөз етті. Сондай-ақ, Көксу, Қаратал және Текелі стансыларында болып, мониторинг жүргізіп, өңірдегі туризмді дамытуға «өлі» стансылар мен кәдеге жарамай тұрған жолдар сеп екенін ашып айтты. Алдағы уақытта тау бөктеріндегі Текелі қаласын туристік орталыққа айналдыру үшін теміржол қатынасын жандандыруға күш салатынын жеткізді. Ол үшін жергілікті әкімдік, мәслихат һәм ҚР Парламенті Мәжілісі бірлесе жұмыс істеуі керек екен. 
 

Дастанбек САДЫҚ