Көш жүре түзеледі

Уақыты: 15.07.2024
Оқылды: 348
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде газдандыру, ауызсу және кәріз жүйелерін реттеуге қатысты сұрақтардың жиі қойылатынын білеміз. Жыл сайын осы салалар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны анық. Ал әлі де кем-кетігі түгенделмеген тұстарымыз жетерлік. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында соның бірқатарына куә болып қайттық.

Аталған басқарманың ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда аймақтағы 33 елді мекенге газ жеткізіліп, 327 мың адам көгілдір отынның игілігін көрді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылдың соңына дейін облыстағы 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету міндеті тұр.  Қазіргі таңда 33 елді мекенге газ барса, жыл соңына дейін 30 елді мекен газға қосылып, 433 шақырым газ тарату желісі салынады. Елді мекенді газдандырудың екінші кезеңінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендеріне табиғи газ жеткізілмек. Бүгінгі таңда «Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ құбыры құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Ұзындығы 302 шақырымды құрайды. Бұл жүзеге асқанда 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекен көгілдір отынға кенеледі.  

Журналистер ең алдымен газдандыру жұмысы жүріп жатқан Ескелді ауданының Шымыр ауылына барды. Ауданда 33 елді мекен бар. Бірінші кезеңде 21 елді мекенді газдандыру қарастырылса, бүгінде 8 ауылға газ жеткізілген. Қалғанына газ құбырын тарту жұмысы жүргізілуде. 

– 2014 жылы бұрынғы Алматы облысында газдандыру жұмысы басталып, Алматыдан Талдықорғанға тартылған газ құбыры Шымыр ауылының іргесінен өткенімен ауылды газға қосу жұмысы біраз жылға кешікті. Ауыл тұрғындарының өтініші биыл жүзеге асайын деп тұр. Шымыр ауылында жалпы 788 үй бар. Оны толық табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 32 шақырым газ құбыры тартылуы керек. Қазір жоспардың 50 пайызы орындалды. Құрылыс жұмысын «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС жүргізсе, жұмыстың сапасын «Тұран құрылыс» ЖШС қадағалап отыр, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Бүгінде мердігер компанияның жұмысы қарбалас. Бір жақтан құбырларды сырлау, енді бір жақтан дәнекерлеу жұмысы жүріп жатса, тағы бір тобы газ жеткізетін шкафтарды орналастырумен қарбалас. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының көңілі шат. Көгілдір отын оларды қысты күнгі біраз әурешіліктен босататын болады. 

Тұрғындардың осындай қуанышты көңіл күйін Қаратал ауданының Елтай ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылына барғанда да білдік. Сарыбұлақ 58 үй тұратын шағын ауыл болғанымен жел өтінде орналасқандықтан ауылдастар ауызсудың тапшылығы және үй жылытудың әуресінен шаршап біткен еді. Биыл ауызсу мәселесі толық шешіліп, әрбір үйге құбыр суы жеткізіліпті. Ал алдағы уақытта табиғи газға қосылып, тұрғындарды толғандырған мәселе толығымен шешілмек. 

Бүгінде облыста 3841 шақырым су құбыры желісі бар. Орталықтандырылған сумен 325, орталықтандырылмаған сумен 26, тасымал сумен 7 елді мекен қамтамасыз етілген. Биыл сумен жабдықтау желілерін салу және күрделі жөндеуден өткізу бойынша 25 жоба іске асырылуда. Оның 22-сінде жұмыс жүріп жатыр.  Нәтижесінде, жыл соңына дейін 428,5 шақырым  желі салынып, 2 ауыл орталықтандырылған суға қарық болады. Келесі жылдың соңында  облыстың 331 елді мекені (92,5%) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмек. 

Ауызсумен жабдықтау Талдықорған қаласында да өзекті мәселе. Себебі, жыл сайын жаңа шағын аудандар қосылуда. Соған орай ауызсуға деген қажеттілік артып келеді. Әсіресе, жаңадан бой көтерген «Жастар –1» шағын ауданы тұрғындары үшін ауызсу мен сарқынды суларды ағызатын кәріз жүйесі бас ауыртатын дүние еді. Шағын ауданда 158 үй бар. Осыған орай 9,8 шақырым су құбыры мен кәріз желісі тартылмақ. Қазірде жобаның 20 пайызы атқарылған. Су мен кәріз құбыры әр үйдің қақпасының алдына дейін жеткізіледі. Ал тұрғын үйлерге кіргізу жұмысын әр отбасы өз қаржысымен жасап алады. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Құрылыс сапа» ЖШС өкілдерінің айтуынша, қыркүйектің соңына дейін жоба толығымен аяқталады.

Талдықорған қаласының Дарабоз ана, Абай, Қабанбай батыр, Балпық би көшелері бойынша 1,8 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту жұмысы жалғасуда. Былтыр Абай көшесі бойынша 600 метр желі  тартылып, Қабанбай батыр көшесіне 4 жылу камерасы орнатылды. Биыл Қабанбай батыр және Дарабоз ана көшелерінде ұзындығы 700 метр жылумен жабдықтау желісін қайта жаңарту жұмысы басталды. Алдағы уақытта Балпық би көшесі бойынша қалған 500 метр жылу желісі басталады деп жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде қаланың орталық бөлігінде және «Қаратал» шағын ауданында қуаттылығы 42,5 Гкал/сағ болатын №2 орталық қазандық іске қосылады. Бұл өз кезегінде «Басқуат» қазандығына жүктемені айтарлықтай төмендетеді. Қабанбай батыр көшесі бойындағы жұмыс қыркүйектің соңына дейін бітуі тиіс. Сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы Қабылиса жырау көшесі бойындағы 1,1 шақырым жылу желісін ауыстыру «Талдықорған жылусервис» ЖШС есебінен жүргізілуде. 

– Қабанбай батыр көшесі бойында жасалып жатқан жұмыстан әлі күнге ешқандай кемшілік анықталған жоқ. Қолға алынған жобалар биылғы жылыту маусымы басталғанша бітеді. Күнделікті қадағалап, апта сайын мониторинг жүргізіп тұрамыз. Өткен жылы жылыту маусымы басталған тұста бірді-екілі келеңсіз жағдай орын алды. Ол жұмысшылардың тәжірибесіздігі және жауапсыздығынан болғаны анықталды. Биыл тұрғындарды алаңдататын жағдай орын алмайтынына сенім білдіремін, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Халиоллаұлы.

Атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымын көріп, аймақтың коммуналдық саласының тыныс-тіршілігінің жақсаратынына көз жетті. Бірақ жүйелі жұмыс атқарылса ғана ойлаған істер өз нәтижесін бермек.

Қажет АНДАС