Қасиетті мекенге тәу етті

Уақыты: 16.07.2024
Оқылды: 318
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылғалы зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру, оларды белсенді мәдени-шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, олардың физикалық және психологиялық  саулығына ықпал ету арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған бірқатар бастаманы қолға алып, жұрттың ризашылығына бөлене бастады.

Аталған орталық облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен облысқа танымал, қадірменді ардагерлерге Қаратал ауданының киелі-тарихи жерлерін аралатты. Сапар барысында Ескелді би, Айту би, Балпық би, Жолбарыс би, Қарымбай би кесенелеріне тәу етіп, құран бағыштап, перзенттік ілтипатын көрсетті. Сондай-ақ, көнекөз қариялар барған қасиетті нысандар туралы бұрынғы буыннан естіген аңыз-әңгіме, естеліктерімен бөлісіп, тың ақпараттарды да ортаға салды. Бір күнге жоспарланған шара көңілді әрі қызықты өтті. Тағылымы да мол болды.

Әрине, мұндай орталық қалада бұрын да болған, бірақ оның жұмысын жүргізіп, дамыту үшін қоғамдық ұйымдар арасында конкурс ойнатылатын. Грантты ұтып алған ұйымдар тарапынан жұмыс жүргізілгенімен нәтижесі де шамалы болатын. Енді орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме форматында ашылғандықтан жұмысы бір жүйеге түсіп, ауқымды шараларды ұйымдастыра бастады.

Қаратал ауданындағы қасиетті мекендерден үлкен шабыт алып қайтқан ардагерлер алдағы уақытта Ақсу ауданындағы Ақын Сара, Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов және Абай облысы, Абай ауданындағы ұлы Абайға арналған музейлерге сапарлап қайтуды жоспарлап отыр.

"Жетісу-Ақпарат"
Қаратал ауданы