Кербұлақта келелі кездесу өтті

Уақыты: 02.08.2024
Оқылды: 358
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы Кербұлақ аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысына сай аймақтағы Қызылжар және Шоқан ауылдарының тұрғындарымен арнайы кездесу өтті.

«Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жұртпен жүздесу жастар арасында адалдық пен парасаттылық қасиеттерін кеңінен насихаттап, қоғамда сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

 «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің координаторы Даулет Ауданбаевтың сөзінше, бұл жолғы жұртпен жүздесудің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алып, мәдениетті болуды дәріптеп, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.

Кездесуде белгілі заңгер, прокуратура саласының ардагері Асқар Қалиұлы өңір тұрғындарының қойған сауалдарына сай егістік және жайылдық жерлер төңірегіндегі дау-дамайларды заң аясында шешудің оңтайлы жолдарын жан-ақты түсіндірді.

– «Ал жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда бала тәрбиесіне баса мән берілуі шарт. Бұл бағытта ата-аналар, мұғалімдер, дәл осындай жастар ұйымдары, құқық қорғау саласының мамандарды бірлесіп тәрбиелік мәні зор іс-шараларды жиі ұйымдастыру арқылы жас жеткіншектерге тура жолға нұсқаған тиімді. Сонымен қатар жастардың өзіде бүгінгі қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтан, түрлі заң бұзушылық қылмыстарға барудан өмірін құрдымға жіберіп жатқан адамдардың ісінен сабақ алып, халыққа адал қызмет көрсетуі керек», –дейді заң саласының ардагері.

Қызылжар ауылдық округінің әкімі Аслан Ерланұлының айтуынша, жалпы тұрғындар саны 1500-ге жуықтайтын Қызылжар ауылына –бүгінде Шилісу, Желдіқара, Ақсұңқар жол учаскесі сынды бірнеше елдімекен қарайды. Аймақ тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Бүгінге дейін өңірде аудан және облыс әкімдерінің қолдауымен білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауызсу, жол, жарық басқа да әлеуметтік салалар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Ауыл-аймақты дамытуға бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Келесі кездесу өңірдегі Шоқан ауылындағы Игібай Базарбайов атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Ауыл жастары мен тұрғындарының арасында белсенді өмірге құштарлықты арттырып, шығармашылық қабілетті шыңдауға бағытталған басқосуда кітап – рухани қазына, білім бұлағы екені баса дәріптеліп, көпшілікке кітап оқудың артықшылықтары баяндалды.

 – «Өмірде сана жаңғырмай, қоғам серпілмейтіні анық. Әр адам баласы білікті, білімді болу үшін алдымен сана жаңғыруы тиіс. Ал, сананы жаңғыртуда хакім Абай жаққан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қасиеттері ауадай қажет. Сол үшінде кітап оқу ой-өрісті кеңейтіп, әр санаға сөмбес білім сәулесін жағады», – деп түйіндеді басқосуды қорытындылаған зиялы қауым өкілі.

                                                               Айдын КӘЛІМХАН