ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ

Уақыты: 17.07.2024
Оқылды: 397
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шаруаның жайын егінге орақ түскенде білеміз. Биыл аудан шаруалары үшін ырысты жыл болғалы тұр. Өйткені көктем жауын-шашынды болып, күн ерте жылынғандықтан бидай бітік шықты.

Аудан әкімі Дәулет Халелов, аудан әкімінің орынбасары Ержан Шалқыбеков және аудан әкімінің кеңесшісі Әлдибек Досымбеков егіс алқаптарын аралап, шаруалармен кезедсіп, жұмыстарымен танысты. Дәулет Кенжеханұлы Президенттің, Үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар ешқандай таршылық көрмегенін айтты.

Жетісу облысы аграрлы аймақ болғандықтан, біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз. Ауа райы салдарынан орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, өнімді уақытылы баптау сынды жұмыстар жүйелі атқарылды. Ең бастысы – мемлекеттен барынша қолдау көрсетілді. Біздің мақсат – қамбаны мол әрі сапалы өнімге толтырып, отандық өнімді арттыру, – деді аудан әкімі. 

Ел ырысы саналатын сары алтынды қамбаға жинауды «Ұлан», «Әли – Айбар», «Әділжан», «Көбен» шаруақожалықтары бастады. 

Алғабас ауылдық округі бойынша  16 шаруақожалық дәнді дақыл егумен айналысады. Жалпы, округ бойынша 821 гектар жаздық арпа, 418 гектар күздік бидай және 192 гектар жаздық бидай егілді.

Дала еңбеккерлері осы жылы  әр гектарынан 15-20 центнерге дейін астықты қамбаға құйып, ел ырыздығын еселеуге үлес қоспақ. Нәтижесінде биыл қамбаға жылдағыдан артық дән құю жоспарлануда. Қазір егіс алқабында 7 комбаин мен 10-нан астам техника дамылсыз жұмыс істеуде.

Аружан ЖАҚЫП
Көксу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы