Керімағаштағы керім кеш

Уақыты: 18.07.2024
Оқылды: 308
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жазиралы Жаркент өңіріндегі шипалы, минералды ыстық суымен, жанға дауа ем-домымен әйгілі «Керімағаш» шипажайында әр сейсенбі күні кешкі астан кейін демалушылар мен емделушілерге ұжым өнерпаздарының арнайы дайындалған концерті көрсетіледі. Бұл ұзақ жылдан бері қалыптасқан мызғымас дәстүр. Сондай бір көңілді, көрікті өнер кешіне біз де куә болдық.

Шипажайдың асханасында ұжым өнерпаздарының концерті кәсіпорынның электригі Жайық Бейсеғұловтың жетекшілігіндегі ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы күмбірлеген күймен бастау алды. Бұдан соң шипажайдың бас медбикесі Сәлима Жүнісова «Жақсы көру» әнін шырқап, сыңғырлаған сазды дауысымен, әдемі орындаушылық шеберлігімен жиналған жұртты ұйытты. Шипажайдың бас дәрігері Ербол Болатұлы «Үш Меркі» әнін нақышына келтіре әуелетсе, кәсіпорында тіркеуші қызметін атқаратын Сәуле Әкімбекова, қоймашы Мөлдір Әкімбекова, монша меңгерушісі Гүлмира Қызырғазықызы шырқаған әндер мен ағайынды Шалқар, Жайық Бейсеғұловтар орындаған күйлер концерт көркін кіргізді. 

Концерт аяқталған соң шараны жүргізуші дәстүр бойынша демалушылар арасында өз өнерін көрсетем деушілерге сахнаны ілтипатпен ұсынғанда, алдымен ортаға жасы сексеннің мол ішіндегі қарт ана шықты. Бұл атақты сазгер, өнер зерттеушісі профессор Марат Ілиясовтың анасы Тұрар Төлепбергенқызы апамыз еді. Қызы Жанатпен бірге Астанадан Керімағашқа ем-дом алуға келіпті. Сексен үш жастағы өнерлі ана жолдың алыстығына қарамай жас кезінен өзіне серік болған сырнайын ала келген екен, қызы Жанат орындаған сазгер баласының сырлы әндерін сырнайымен сүйемелдеп отырды. «Дүбір естілгенде шын жүйріктердің табаны қызады» демекші, демалушылар арасында өнерден таласы бар жандар да аз емес екен. Солардың қатарында әншілікті өміріне серік еткен Қарасай аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенова ортаға шығып, көңілді кеш ұйымдастырған шипажай ұжымына Алғыс айтып, демалушыларға да ақ тілегін арнап, «Жолыққан қандай жақсы» атты әнді әуелете жөнелді. Гүлжанды жолдасы Еркін Рахимов қолдап, халық әні «Жәриям-айдайды» әртістік шеберлікпен шырқап, кешті қыздыра түсті. Қызықты концерттен соң көпшіліктің сұрауымен ортаға қайта шыққан белгілі сазгердің анасы Тұрар апа өнерпаз жастарға, демалушыларға ақ батасын арнады. Кеш соңы демалушылардың көңілді би кешіне ұласты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы