Белсенділер рөлі артады

Уақыты: 18.07.2024
Оқылды: 334
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тіл сарайында облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша  азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жетісу облысындағы уәкілетті лауазымды тұлғалардың азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынасы» жобасы бойынша оқыту семинары өтті. Басқосуды «Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. 

 Жобаның мақсаты – дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет базасында жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның өзара қарым-қатынасының тиімді нысандарын нығайту, облыста азаматтық қоғам институттарымен  кемінде 30 мемлекеттік қызметшінің және уәкілдердің біліктілігін арттыру. 

Кіріспе сөзді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Әбибеков алып, азаматтардың  өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру баршаға ортақ міндет екенін айтты. Ол: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек», – деп айтқаны баршаға мәлім. Ендеше, уәкілетті лауазымды тұлғалардың азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынасын нығайтайық», – деді.

Облыста 578  үкіметтік емес ұйым тіркелген. 

Сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы мен қалыптасуына жәрдемдесу, олардың қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешудегі рөлін күшейту үшін облыс әкімдігі жанынан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес құрылған. Сондай-ақ облыста 11 қоғамдық кеңес жұмыс істейді (оның ішінде 1 облыстық, 2 қалалық, 8 аудандық). 

Үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай қолдау үшін биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 1 млрд. 434 млн. 388 мың теңге бөлініп,  облыс бойынша 96 жоба жүзеге асырылуда. 

Жиын барысында халықаралық қатынастар докторы, профессор, Алматы қалалық азаматтық альянстың президенті Қайыржан Абдыхалықов «Мемлекет  пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының жаңа тәсілдері» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде азаматтық қоғамның халықтың ең белсенді бөлігі болып табылатынына тоқтала келіп, әлеуметтік жауапкершілік, бастамашылдық және эмпатиямен ерекшеленетінін сөз етті. Азаматтық қоғам өнер, бизнес, мәдениет, білім, адам және еңбек құқықтары, дін, денсаулық сақтау, саясат және қоршаған орта салаларын қамтиды. Азаматтық қоғам белсенділері өңірдегі өзекті мәселелерді талқыға салады. Қайыржан Саясатұлы азаматтық қоғамның елдің береке-бірлігін сақтаудағы  ықпалына тоқталды. 

«Азаматтық қоғам – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ақпараттық-коммуникациялық көпір. Ол өзара жанжалды жағдайларды бітістіретін, қоғамдағы әртүрлі деструктивтік ағымдарға шектеу қоя алатын күш. Азаматтық қоғам билік пен оппозиция арасындағы алтын көпір. Үкімет тарапынан тарататын ақпараттың мән-мағынасын халық арасында түсіндіре алатын уәкіл. Қоғамда әл-ауқаттылығы жағынан ортаңғы буынды қалыптастыруға жәрдемдесетін бастамашыл топ. Мемлекеттік органдардың жұмысына сыни көзбен қарай алатын ұйым», – деп азаматтық қоғамның ел бірлігін сақтаудағы ықпалына тоқталып өтті. 

Жиын барысында басқа да қоғам белсенділері,  лауазымды тұлғалар  және азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынасты жақсарту барысындағы ойларымен бөлісті.  Нәтижесінде  облыстың азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынастар жөніндегі уәкілдер үшін қазақ және орыс тілдерінде азаматтық сектормен өзара іс-әрекет ұйымдастыру және жүзеге асыру мәселелері бойынша 6 оқыту курсының сериясы өткізілетін болды. 

Гүлжан ТҰРСЫН