Шаруаға жайлы жыл

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 385
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көктемгі дала жұмыстары сәтті аяқталды. Жылдағыдай құрғақшылық қыспай, жаңбырлы болғандықтан облыс диқандары судан тапшылық көрген жоқ. Былтыр осы уақытт егін суаруға су жетпей, су тапшылығы туындағанын білеміз. Биыл «Судың жетіспеушілігінен шығынға баттық» деген шағым естімедік. Дегенмен жауыны мол, жайлы күнде жамырай өсетін жабайы шөптер мен зиянкес жәндіктерге қарсы күрес қана біраз әбігерге салғанын жасырмаймыз.

Табиғаттың заңдылығын таразыласақ та, түйіндеп келгенде егіншінің көңілі тоқ, егіс алқабының өнімі мол. Егін ору науқаны да уақытымен басталды. Бүгінде облысқа қарасты 8 аудан, 2 қала аумағындағы күздік және жаздық масақты дәнді дақылдарға орақ түсті. Жаңадан сатып алынған, жөндеуден өтіп дайындалған техникалардың саны жеткілікті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпаратта 18 шілдедегі жағдай бойынша аймақта күздік және жаздық масақты дәнді дақыл егілген  15 мың гектар жер орылды. Мұның 11238 гектары күздік, 3840 гектары жаздық дақыл егілген алқап. Қамбаланған 30387 тонна астықтың 23408 тоннасы күздік дақыл, қалғаны жаздық дақылдың еншісінде. Алдын ала болжам бойынша гектар берекелігі де жылдағы ұқсас мезгілмен салыстырғанда төмен емес. Ал егін орағы күзге дейін жалғасатынын ескерсек, «Жыл басына жоспарланған өнім мөлшерінен жоғары деңгейде астық жиналады» деп сенім білдірді ауыл шаруашылығы басқармасының салаға жауапты мамандары.

Жаздың жауын-шашынды болуы егін орағына сәл кедергі келтіріп жатқаны болмаса, қазір ауыл, аймақтың әр тұсында қауырт қимыл, қарбалас тіршілік. Өйткені, өткен жылғы егін орағы науқаны аяқталғаннан бергі әр диқанның жоспары, дайындығы, көктемнен бергі тынымсыз еңбегінің нәтижесі осы науқан аяқталғанда анықталады. Өнім ойдағыдай алынып, қамба астыққа толып, жұрт көңілі шат боларына сенімдіміз.

Қажет Андас