«ЖАЛЫНДА» ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАР ЖҮР

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 447
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Күн ұясынан енді көтерілгенде Алакөлдің жағалауына тоқтадық. Аспанда шөкімдей бұлт көрінбейді. Тымырсық ауаны бұза жарып  көл жақтан салқын самал еседі. Алдымызда тұрған тас мүсінге жақындай бергенде ғана Д. Қонаевтың ескерткіші екенін аңғардық. 300 шақырымды артқа тастап келгенде елеулі ердің демалыс аймағының қасынан шығамыз деп ойладық па?! Ырымшыл халықтың ұрпағы болғандықтан бәрін жақсылыққа жорыдық.

Алакөл ауданы, Ақши ауылының оң жақ жағалауында «Жалын» жазғы сауықтыру лагері орналасқан. Ел-жұрт бұрын бұл жердің Д. Қонаевқа тиесілі демалыс орыны болғанын айтады. Лагердің бұрынғы атауы да «Жалын» болған деседі.

Жазғы сауықтыру орталығындағы балалар күнделікті тіршілігін таңғы жаттығумен бастайды. Жүгіреді, секіреді, бұлшықеттерін қозғалысқа келтіріп, кезегімен кермеге тартылып, өз өздерін шынықтырады. Алғаш келушілер әуелде бірден үйренсіп кете алмауы мүмкін, дегенмен, көштен қалмас үшін өзін қамшылауға тура келетіні шындық. Былайғы күні үйлерінде артық қозғалмайтын жеткіншектер мұнда тәртіпке бойұсынады.  Саламатты өмір салтына дағдыланады.

Бастапқы күндері қиналдық. Ерте тұрып жаттығу жасау ауырлау тиді. Бірақ ағайлармыз бізге ерекше күш-жігер беріп, сергек жүруімізге себепкер болды. Ақыл, кеңестерін тыңдағандықтан қазір ширақпыз. Бой үйретіп алған соң шығар берілген тапсырмаларды бір-бірімізбен жарыса істейміз. Бұл бізге қуаныш сыйлайды, – деді Бұлақты орта мектебінің оқушысы Әлихан Сәбихан.

13 жасар Әлиханның ойы жүйрік. Қай қырынан қарасақ та озат екені көрініп тұр. Қазіргі уақытта осы демалыс орталығында Әлихан сынды 100-ге жуық жастың қамсыз тынығуына күшін салып, қызмет істеп жүрген бірнеше жетекші бар.

– Шілденің 8 күні «Жалын» лагеріне келдік. Бұл жерде көңілді, жақсылыққа толы сәттеріміз өтіп жатыр. Әсіресе балалардың риясыз күлкісі, шаттыққа толы қуанышы біздерге шабыт сыйлауда. Мен олардың жаттығу жасап,  бой сергіту сәттерін қадағалаймын. Түрлі тапсырма беріп шымыр да ширақ жүрулеріне барынша ықпал етемін. Бұл жерде  ұлдардың тәртібімен ер азаматтар айналысса, қыздардың тәртібіне әйел адамдар жауап береді. Бастысы жеткіншектердің әуелгі қалыбы дұрыс болса, өскенде оң нәтижесін көрсетері анық. Олардың жүрегіне жақсылық дәнегін орната білсек біздің негізгі миссиямыздың орындалғаны, – дейді Үшарал қаласы А. Байтұрсынов атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі, жетекші Саят Тайкин.

Балалар таңғы жаттығудан кейін, бөлмелерін ретке келтіріп, жуынып-шайыну міндеттерін орындайды. Таңғы асқа кезек беріп, бойларына күш жинайды. Ас әзірлейтін апайларына алғаусыз алғыстарын жаудырып, орындарынан тұрады.

Жас демалушыларымызға 4 уақыт ас беріледі. Барынша денсаулыққа пайдалы, дәрумені мол тағам түрлерін алдарына тосамыз. Табиғи өнімдердің құнарлылығы жоғары екені белгілі. Біз көбіне балаларға ауылдың құрт пен ірімшігін, қолдың қаймағы мен сары майын, емдік қасиетке ие бал ұсынамыз.  Жазғы сауықтыру лагері деп аты айтып тұрғандай, бірінші кезекте ұл, қыздардың саулығын ойлаймыз, – дейді «Жалын» жазғы сауықтыру лагерінің бас аспазы Гүлнар Әлпейісова.

Ас ішіп ауқаттанған оқушылар араға аздаған ғана уақыт салып қаз-қатар басып жағалауды бетке алады.  Кие дарыған, суы шипалы Алакөлге бас қоя сүңгіп, асыр салып, мәз болысады. Шадыман шаттықтары шашыраған су тамшыларымен еселеніп жатқандай көрінетінін қалай айтпай өтейік?! Риясыз күлкілері көл жағалап қашқандай болады да, бір сәтте сол орннан қайта-қайта бастау алады. Сықылықтаған мөлдір таза үндері осы қалпында сақталып қалуын іштей тілейсің.

Біз суға күніне екі мәрте шомыламыз. Жалығып, шаршаған емеспіз. Керсінше қызық. «Жалын» лагеріне бірінші рет келіп тұрмын. Жетекшілеріміз үнемі қасымызда. Бізге көп дүние үйретуде. Лагерьдегі ойын алаңдары, көлдің суы бәрі көңілімізден шығып жатыр. Осындай керемет демалыс сыйлаған ұстаздарға, жоғарыдағы ағаларға алғыс айтамын. Балалармен таныстық, жаңа достар таптым. Осы демалыс орны үздіксіз дамып, ел көлемінде әйгіліне берсе деп тілеймін, – дейді Үшарал қаласы, А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің оқушысы Медине Бақтыбай.

Кейбір күндері көл бетінде жел тұрады. Сондай шақтарда алып-алып толқындар пайда болып, өзінің өктемдігін жағаға жете жығылып көрсетіп кетеді. Табиғаттың бұл тосын қылығына еріксіз таңданып, тамашалай қарайсың. Бұл көрініске көзі үйренген жастар жағы толқынмен алысса жеңіп кетердей делебесі қозады. Бойларында от ойнаған осы бозбала мен бойжеткендер толқыннан асау, көлден терең екендерін келешекте көрсететіндеріне ешкім шүбә келтірмесе дейміз.

Жетісу облысы аумағында 13 қала сыртындағы лагерь бар. Оның барлығы жұмыс істеп тұр. Қала сыртындағы лагерьлерде 4 319 бала демалуда. 3 414 бала облыс аумағындағы лагерьлерде, 905 бала Алматы облысының аумағында орналасқан лагерьлерде жазғы демалысын өткізуде.

Біз лагерьдің бір күндік өмірімен танысып, сырына қанық болуға келген жарандармыз. Бұл демалыс орнының жай-жапсарын жарты ай күнелтіп, екі апта түнеп жүрген жандардан сұрап, білгенді жөн көрдік.  Педагогтермен тілдестік, пікірін тыңдадық.

Мұнда барлық жағдай жасалған. Тамақтары дәмді. Тазалық жағына мүлде кері пікір айта алмаймыз. Себебі, лагерьдің іші де, сырты да мұнтаздай. Жеткіншектердің тәрбиесіне, денсаулығына баса назар аударып жүрген орталықтың қызметкерлеріне деген құрметіміз айырықша. Ағайлары да, апайлары да баламен беріліп жұмыс істейді. Ізденіп келіп тың дүниелерді үйретіп жатқандарына дән ризамыз. Менің тобымдағы қыздар үйлеріне қайтқысы келмейтіні, бір-біріне бауыр басып, бой үйреткендіктен шығар деп ойлаймын. Балалар өзара тату-тәтті, өміріндегі ең қызықты сәттерін осында өткізіп жатқанына еш күмәнім жоқ. Біз олардың іс-қимылынан-ақ бәрін біліп, түсініп тұрамыз, – дейді Үшарал қаласы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ гимназиясының тәрбиешісі, жетекші Мира Сейілханова.

Сағыныш адам бойындағы ең ұлы қасиет. Сені біреу сағынса, сен біреуді сағынсаң өзіңді өмірдегі ең бақытты жанмын деп санай бер. Бұл жерден үйлеріне аттанған балалардың болашақта осы ыстық мекеннен тапқан асыл достарын, көңілін көркем етіп бөлеген тәрбиешілерін сағынатынына мүлдем күмән келтірмейміз.

Жазғы демалысымызда тынығу үшін осы лагерьге әпкем екеуміз Қабанбай ауылынан келдік. Қабанбайда біздің туыстарымыз тұрады. Демалысымыз жақсы өтуде. Күнде түрлі ойын ойнаймыз. Маған әсіресе футбол ойнаған ұнайды. Мұндағы ағалар допты қалай тебу керек екенін үйретіп жүр. Анда-санда ауылымды да сағынамын. Ол жақта да достарым бар. Жанымда достарым жүргенде тіпті қызық болар ма еді деп ойлаймын. Апайлар да, ағайлар да бізге жақсы қарап жүр, – дейді Достық ауылы, Б. Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Айзат Ержан.

«Жалын» жазғы сауықтыру лагерінде 100 адамға шақталған акт залы, компьютерлік бөлме, домбыра бөлмесі, психологиялық треининг, танымдық ойын өткізуге арналған екі кабинет және кітапхана бар.

Сауықтыру орталығына аудандық ішкі саясат бөлімі, мәдениет үйінің қызметкерлері келіп, өздерінің бекітілген жоспарларына сәйкес түрлі шара ұйымдастырады. Төтенше жағдай мамандары өрендерді қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, суда жүзу қағидаларын сақтауды үйретеді. Сондай-ақ, алғашқы көмек қалай көрсетілетіні жөнінде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді.

Бірінші ауысымда аудандағы әлеуметтік топтағы жартылай жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы деген статусы бар 100 баланы қабылдадық. Қазір үшінші кезеңді өткізіп жатырмыз. Осыған дейін 200 жасқа қызмет көрсеттік. Лагерьдегі күндері аяқталғанда балалар қимай, еріксіз көздеріне жас алып кетіп жатады. Ақша төлеп қалса болма деген ұсыныстарын айтады. Әрине, оның бәрі бұл жердегі қызметкерлердің қолында емес. Соған қараймызда еткен еңбегіміздің нәтижесін беріп жатқаннын білеміз. Іштей өз жұмысымызға деген сүйіспеншілігіміз артады. Содан шабыт аламыз, шаршағанымызды басамыз. Ертеңгі күнге жаңа идеялар ойластырамыз. Ұжыммен кеңес өткізіп қызметкерлердің ұсыныстарын қабылдаймыз, жоспар құрамыз. Үнемі ата-аналармен байланыс орнатып, керібайланыс жасаймыз. Өткен әрбір іс-шараны әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жариялап отырамыз, – деді «Жалын» жазғы сауықтыру лагерінің директоры Ғалымжан Шотанбеков.

Мұндағы қызметкерлер «балалар өздерінің жазғы демалысын қызықты өткізсе, осы жерден дұрыс тәлім-тәрбие алса екен», – дейді. Сондықтанда бұл жерде тәрбиеленушілерге телефон ұстауға шектеу қойылған. Олар тек ұялы байланыстарын түскі уақытта 2 сағат қана қолдана алады. Сол кезде ата-аналарымен сөйлеседі, ал аса қажет болған жағдай ата-аналар жетекшілерімен байланысқа шығады.

Демалушы жеткіншектердің үйіне қайтуына әлі 1 апта бар. Бір күн қастарында жүреміз деп біз де оларға бауыр басқандаймыз. Балаша қуанып, мұңсыз асыр салғанға не жетсін шіркін?! Лагерьмен қимай қоштасатын ұл-қыздармен біз де қимай қоштастық.

Медет ЖҰМАБАЙ